Соңғы үш жылда Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны жыл сайын орта есеппен 8–12%-ға өсіп отыр. Алайда бұл өсім тұрақты үрдіске айналмай, көбіне жекелеген оқиғалар мен ірі шараларға тәуелді болып қалуда, деп хабарлайды Dala News.
Qazaq Expert Club сарапшысы, туризм саласының маманы Меруерт Омардың айтуынша, шетелдік қонақтарды көбіне халықаралық концерттер, спорттық матчтар, көрмелер мен мәдени іс-шаралар тартады. Мысалы, 2025 жылы «Қайрат» футбол клубының төрт ойыны Алматыға 4 мыңнан астам шетелдік жанкүйер әкеліп, қала экономикасына шамамен 3 млрд теңге кіріс түсірген. Ал «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч кезінде үш күннің ішінде ғана 5 221 турист тіркелген.
Бұл кезеңде ең көп келгендер Қытайдан, Ресейден, Үндістаннан, Оңтүстік Кореядан және Өзбекстаннан болған. Ресми деректер бойынша, олар қала экономикасына шамамен 7,8 млн доллар әкелген. Бұл тек қонақүйлерде тұрғандар есебінен алынған көрсеткіш. Пәтер жалдаған немесе туыстарының үйінде тоқтағандар бұл статистикаға кірмейді.
Сарапшының айтуынша, Алматы әлі де негізгі туристік хаб болып отыр. 2025 жылы қала 1,8 млн-нан астам турист қабылдаған. Алайда Түркістан, Шымкент, Ақтау, Маңғыстау өңірі, Бурабай мен Қонаев сияқты бағыттар да әлеуетке ие. Бұл өңірлер қысқа мерзімді 2–3 күндік саяхаттарға қолайлы әрі инфрақұрылымы біртіндеп дамып келеді.
Бүгінде бір шетелдік турист Қазақстанда орта есеппен 1 400 доллар шамасында қаржы жұмсайды. Соған қарамастан, туризмнің ел экономикасындағы үлесі небәрі 3,2% деңгейінде қалып отыр. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен төмен. Мамандар бұл үлесті 5-6%-ға дейін жеткізуге толық мүмкіндік бар деп есептейді.
Ол үшін оқиғалық туризммен қатар, өңірлік бағыттарды жүйелі дамыту қажет. Қонаевта халықаралық әуежай ашу, Ақтау, Түркістан және Шымкентке тікелей халықаралық рейстерді көбейту, дайын туристік маршруттарды ұсыну, ағылшын тіліндегі навигацияны дамыту тұрақты өсімге жол ашатын негізгі қадамдар.
Сарапшының пікірінше, осы өзгерістер жасалмайынша, Қазақстан туризмі маусымдық сипаттан арыла алмайды әрі тұрақты серпінге қол жеткізе алмайды.
