Қазақстан туризмге тәуелді елдер тізімінде Беларусьпен қатар тұр

Көркем Алдабергенова 04 нау. 2026 09:13

Қазақстан туризмге тәуелді елдер рейтингінде 147-орынға жайғасты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) туризмнің үлесі небәрі 1%-ды құрайды. Мұндай көрсеткіш Камерун, Буркина-Фасо, Беларусь және Палестинада да тіркелген.

Рейтингте негізінен шағын арал мемлекеттері мен курорттық бизнеске сүйенетін экономикалар алдыңғы орындарды иеленген. Мұндай елдерде ішкі нарықтың шағын болуы және ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының аздығы салдарынан шетелдік туристер валюталық түсім мен жұмыспен қамтудың негізгі көзіне айналады.

Ал экономикасы әртараптандырылған елдер бұл тізімде төменірек орын алады. Мысалы, АҚШ 151-орында тұр. Бұл елде халықаралық туризм ЖІӨ-нің небәрі 0,86%-ын құрағанымен, абсолют көрсеткіште туризмнен түсетін табыс 251,6 млрд долларға жетеді.

Туризмге қатты тәуелді экономикалар жаһандық дағдарыстарға да осал келеді. Мәселен, 2020 жылы пандемия салдарынан туризм тоқырап, Арубаның нақты ЖІӨ-і 24%-ға қысқарды. Бұл жағдай кәсіпкерлер мен тұрғындарды күрделі экономикалық жағдайға тап қылды.

Рейтинг

Туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі бойынша көш бастап тұрған елдер:

  1. Макао - 70,8%

  2. Аруба - 69,7%

  3. Мальдив аралдары - 68,1%

Аймақ елдерінің көрсеткіштері:

  • Грузия - 14,5% (28-орын)

  • Армения - 10,5% (36-орын)

  • Әзербайжан - 3,3% (79-орын)

  • Өзбекстан - 3,1% (87-орын)

  • Беларусь - 1,0% (146-орын)

  • Қазақстан - 1,0% (147-орын)

  • Ресей - 0,4% (169-орын)

  • Қытай - 0,2% (179-орын)

Қазақстандағы туризм

Қазақстанда соңғы жылдары елге келетін туристер саны айтарлықтай артқан. 2021–2024 жылдар аралығында Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 292,6%-ға өсті.

Орналастыру орындары қызмет көрсеткен шетелдік келушілер саны:

  • 2021 жыл - 329 754

  • 2022 жыл - 927 844

  • 2023 жыл - 1 084 771

  • 2024 жыл - 1 294 869

  • 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары - 1 086 813

Қазақстанға келетін туристердің басым бөлігі Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ азаматтары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove