2025 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасының азаматының жаңа үлгідегі төлқұжатының дизайнын әзірлеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қолданыстағы төлқұжат дизайнына 17 жыл болған. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің жетекші дизайнерлері мен Банкнот фабрикасының мамандары төлқұжаттың көркемдік ресімделуінің негізгі тәсілдерін қалыптастырды.
Бұл жұмыста халықаралық стандарттар мен заманауи трендтер ескерілді: минималистік стиль, визалық беттерге арналған фондық бейнелер, қолдан жасаудан қорғайтын жаңа элементтер. Жаңа дизайн тұжырымдамасы дайындалды. Ол Қазақстанның бірегей ерекшеліктерін, ұлттық болмысын, мәдени әр алуандылығы мен еліміздің көрікті жерлерін айшықтайды.
Төлқұжаттың жаңа дизайнына арналған тұжырымдама жақын арада жұртшылыққа таныстырылады. Келесі кезең- цифрлық үлгісін әзірлеп, оны көпсатылы баспа және қорғаныс технологияларын қолдану арқылы дайындау жұмысы болмақ. Бұл бірнеше айға созылады.
Жаңа дизайндағы төлқұжаттың қолданысқа енгізілуі бұрынғы төлқұжаттарды жаппай ауыстыруды білдірмейді. Мұндай төлқұжаттар жарамдылық мерзімі аяқталған кезде, құжат бүлінген жағдайда немесе азаматтың жеке қалауымен ғана берілетін болады. Жаңа үлгідегі төлқұжаттың құны азаматтар үшін өзгермейді.
Бүгін Банкнот фабрикасының мамандарымен алдағы уақытта жүргізілетін цифрлық макетті жасау және жаңа дизайндағы төлқұжатты дайындау жұмыстарының техникалық тұстарын талқыладық, - деп жазды Ерлан Карин Instagram парақшасында.