Қазақстан судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты іс бойынша Ресейге сауал жолдады

Сағыныш Сардарова 06 қаң. 2026 10:36

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты іс бойынша Ресей тарапына ресми сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, Ресейдің құзырлы органдарынан күдіктілер - Наталья мен Александр Донцовтар ұсталғаны жөнінде әзірге ресми ақпарат түспеген.

СІМ баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметке байланысты ресейлік тарапқа тиісті сұрау салынғанын хабарлады. Сонымен қатар, министрлік өкілдері экстрадиция мәселелері сыртқы істер органдарының емес, құқық қорғау құрылымдарының құзыретіне кіретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін марқұм экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі Мәскеуде ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілер Мәскеуден табылып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Еске салайық, 2024 жылғы 7 маусымда Қанат Сайлыбаев Германияда жүрген қарындасы Айгүл Сайлыбаева жоғалып кеткенін мәлімдеді. Айгүл Сайлыбаева Астананың Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы, сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасының түлегі болған.

Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттар жергілікті полицияға жедел түрде жүгінгенін, іздестіру шаралары басталғанын хабарлады. Ал 16 маусымда жоғалып кеткен қазақстандықтың мәйіті табылды.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесіне іздеу жариялаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар