Қазақстан Стати ісі бойынша сот процестеріне қанша жұмсады?

Көркем Алдабергенова 19 жел. 2024 12:17 127895

Қазақстан Стати ісі бойынша сот процестеріне қанша қаражат жұмсағаны туралы деректер пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Shiskin like телеграм арнасына сілтеп. 

Анатолий Стати 2013 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан бұл іс бойынша сот шығындарына 300 миллион АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады деп мәлімдеген болатын. Алайда Қазақстанның Әділет министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып. 

«Сыбайлас жемқорлықты зерттеу қоры» 2021 жылы журналистердің осы іске байланысты тікелей және жанама мүліктік шығындарды есептеп шыққанын жазған болатын. Сол есеп бойынша шығын көлемі - 337 миллион АҚШ доллар.

Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, кейбір деректерге сәйкес, Қазақстан сот процестеріне Стати талап еткен сомадан екі есе көп қаражат жұмсаған. 2024 жылдың наурызында ол осы көпжылдық сот істеріне жұмсалған шығындарды нақтылау үшін депутаттық сауал жолдады. Сол кезде мәжілісмен Қазақстанның бұл іс бойынша мүдделерін ұзақ уақыт бойы қорғаған Bolashak Consulting Group заңгерлік фирмасына мемлекет жыл сайын 60 миллион доллар төлеп отырғанын мәлімдеді.

Еске салайық, күні кеше Қазақстанның Үкіметі, Ұлттық банк және Стати тарапы келісімге келіп, мұнай-газ саласындағы дау-дамайға нүкте қойылғаны белгілі болды.

Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады. 

"Қол қойылған түпкілікті реттеу туралы бұл келісім барлық ағымдағы дауларды болашақта қайта қозғау құқығынсыз доғаруға негіз болып табылады. Келісімнің нақты шарттары құпия қалдырылады", делінген министрлік хабарламасында.

CEO Argentem Creek Partners Дэниел Чапман бұл реттеу жұмысы барлық тараптар үшін мәселені әділ шешу жолын іздеу мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған тәсілді, бұл аталған ел инвестордың құқықтары сақталатын орын болып табылатынын атап көрсетеді.

"Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік инвесторлардың Қазақстан туралы түсінігін өзгертудегі көшбасшылығы үшін алғыс айтамыз. Біз болашақта жаңа жобалармен жұмыс істеуді асыға күтеміз", - деді ол.

Argentem Creek Partners – Стати тараптарының инвестициялық құралы - Tristan Oil Limited-тің кредиторлары болып табылатын нақты қорлардың инвестициялық басқарушысы.

"Ұзаққа созылған дау-дамайға нүкте қойылғаннан кейін Қазақстанда экономиканы дамыту үшін, оның ішінде инвестициялар тарту арқылы, қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте, мен бұрын атап өткендей, республикалық бюджеттен реттеу шеңберінде қаражат пайдаланылмады", - деді Әділет министрі Азамат Есқараев.

Айта кетелік, 2018 жылдың қаңтар айының басында Амстердам соты молдован кәсіпкерінің шағымы бойынша, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі KMG Kashagan BV голланд компаниясының 5,2 млрд доллар болатын акциясын бұғаттау туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Ал бұл сот шешімі 2017 жылдың 8 қыркүйегінде шыққан еді. Стокгольм сауда палатасы бастамасымен құрылған сот қазақстандық тарапқа халықаралық міндеттемелерін бұзып, Статиге залал келтірген үшін 500 миллионнан астам доллар төлеуді міндеттеген. Ал желтоқсан айында Ұлттық қордың активіне қызмет көрсететін Bank of New York Mellon Қазақстан ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттаған еді.

Одан соң Ұлттық қордың ақшасын реттеуші Ұлттық банк еліміздің атынан қарсы шағым түсіргенін мәлімдеді. Бізге белгілі болғандай,Қазақстан молдован кәсіпкері Стати мен оның сыбайластарын алаяқтық әрекеттері үшін "Ұжымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" АҚШ заңы аясында жазаға тартуды сұрады.

Анатоли Стати "Біз Қазақстаннан өтемақыны асықпай, бірақ сенімді түрде өндіртіп жатырмыз. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның 1 миллиард доллардың жартысын төлеп құтылатын мүмкіндігі болып еді. Бірақ осы қомақты шығындардан жеке пайда көргендер басқаша шешім қабылдады", – деп отырған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар