Қазақстан шетелдік капитал тарту бойынша Орталық Азияда көш бастады. Micky’s Institute зерттеуіне сәйкес, жаһандық инвестиция ағыны төмендесе де, Қазақстанға сенім жоғары деңгейде сақталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық банк деректеріне қарағанда, еліміз жыл сайын 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартады. 2023 жылы инвестиция ағымы 23,9 млрд долларды құрап, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 10,1 млрд доллар болды. Бұл Орталық Азиядағы жалпы шетелдік инвестициялардың шамамен 60%-ын құрайды.
Informburo дерегіне сәйкес, сарапшылар елдің тұрақтылығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған институционалды реформалармен байланыстырады. Оған бизнес процестерін жеңілдету, инвесторларды қолдау және капиталды шикізаттық емес секторларға бағыттау жатады.
Экономика шамамен 6% өсіп келеді, инфрақұрылым мен логистика, жаңартылатын энергия көздері мен қызмет көрсету салалары қарқынды дамуда. Инвестициялық қолдау аясында 210-нан астам жобаға $113 млрд қаражат бөлінген, оның ішінде өнеркәсіптік жобалар мен KIA зауыты секілді ірі өндіріс орындары бар. Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингі мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығы сияқты институттар реформалануда.
Қазақстан цифрландыру саласында да алдыңғы қатарда: ел БҰҰ электрондық үкімет индексінде 24-орында, бұл әкімшілік кедергілерді азайтып, инвесторларға ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз етеді.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін сенімді және тартымды бағыт болып қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдейді.
