Қазақстан Ресейдің күріш сортының орнына отандық сортты сынақтан өткізе бастады

Сағыныш Сардарова 25 там. 2025 09:39

Қазақстан Ресейдің күріш сортының орнына отандық сортты сынақтан өткізе бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қызылорда облысында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр. "Сыр сұлуы" деп аталатын бұл сорт аз уақытта пісіп-жетілетіндіктен, суды да аз қажет етеді. Сынақ нәтижелері жаңа күріш сорты 105-110 күнде пісіп-жетіліп, жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделгенін көрсеткен.

Барлық агротехникалық талап орындалған жағдайда гектарынан 80-85 центнерге дейін өнім алуға болады. Қазіргі таңда Қызылорда облысында негізінен ресейлік күріш сорттары өсіріледі. Олар толық пісіп-жетілу үшін 120-125 күн уақыт алады.

"Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайы суды үнемдеудің жаңа тәсілдерін іздеуді және әзірлеуді қажет етіп отыр. Әлемдік климаттың өзгеруін ескерсек, осындай жаңа дақыл түрлері бұрыннан өсіріліп жүрген суды көп қажет ететін сорттарға жақсы балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарында су тұтынуды азайтуға оң ықпал етеді", – деді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанұзақ Байманов.
Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институты Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, Water Retainer жаңа препаратын сынақтан өткізіп жатыр. Ол топырақтағы ылғалды ұзақ сақтауға көмектеседі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар