Қазақстанда капитал нарығын дамытуға бағытталған жаңа бағдарлама әзірленді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейінгі Капитал нарығын дамыту бағдарламасын ұсынып отыр. Құжаттың негізгі мақсаты – қор нарығын инвесторлар үшін де, қазақстандық компаниялар үшін де тартымды ету, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соңғы бес жылда Қазақстанның қор нарығы айтарлықтай өсті. Агенттік дерегінше, акциялар нарығының капитализациясы екі еседен астам артып, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жеткен. Облигациялар нарығы да айтарлықтай өсіп, 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
KASE мәліметі бойынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша акциялар нарығының капитализациясы шамамен 108,1 млрд долларды құрады. Бұл жыл басынан бері 39%-ға жоғары көрсеткіш. Ал KASE индексі осы кезеңде шамамен 16%-ға өскен.
Негізгі мәселе – өтімділік
Алайда сарапшылар қор нарығы көрсеткіштерінің өсуі оның сапалы дамуын толық көрсетпейтінін айтады. Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты әрі қаржыгер Айгерім Ілиясованың айтуынша, акция бағасының өсуі мен нарық капитализациясының артуы инвесторлар үшін жеткіліксіз. Егер бағалы қағаздардың едәуір бөлігі ірі акционерлердің қолында қалып, еркін айналымға шықпаса, инвесторларға үлкен көлемде сатып алу немесе сату қиынға соғады.
Оның сөзінше, Қазақстан қор нарығындағы басты мәселелердің бірі – өтімділіктің төмендігі.
«Акциялардың айналым коэффициенті небәрі 1,4%, облигацияларда – 9,1%, корпоративтік облигацияларда – 3%. Еркін айналымдағы акциялардың үлесі (free-float) 38%-дан 21%-ға дейін төмендеді. Бұл нарықта тұрақты сұраныс пен ұсыныстың жеткіліксіз екенін көрсетеді», – дейді сарапшы.
Сондықтан жаңа бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – инвесторлар бағалы қағаздарды еркін сатып алып, сата алатын өтімді нарық қалыптастыру.
Зейнетақы қаражатының рөлі артады
Қазір Қазақстандағы ең ірі институционалдық инвестор – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ). Алайда Ұлттық банктің инвестициялық стратегиясы негізінен тәуекелі төмен облигацияларға бағытталған. Айгерім Ілиясованың айтуынша, 2026 жылы зейнетақы жинақтарының қор нарығындағы рөлі айтарлықтай күшейген.
«Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің ұлғаюы және инфляцияны ескере отырып жинақтардың сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдіктің жойылуы азаматтардың қаражатын жеке басқарушы компанияларға аударуына қосымша себеп болды», – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл зейнетақы активтерін нарықтық құралдарға инвестициялау мүмкіндігін кеңейтеді. Соңғы 12 айдың қорытындысы бойынша барлық жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы БЖЗҚ көрсеткішінен жоғары болған.
Сонымен қатар Ұлттық банк салымшылардың жас ерекшелігіне қарай инвестициялық стратегияны қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте жас салымшыларға тәуекелі жоғары, бірақ табысы мол құралдарға инвестиция салуға мүмкіндік берілсе, егде жастағы азаматтар үшін консервативті тәсіл сақталады.
ETF қорлары мен шетелдік инвесторларға жол ашылады
Бағдарлама жеке инвесторлардың мүмкіндігін кеңейтуді де көздейді. Соның ішінде ақша нарығы, жылжымайтын мүлік, облигациялық және индекстік ETF қорларын дамыту жоспарланған. Айгерім Ілиясованың айтуынша, ETF қорлары қарапайым инвесторлар үшін ыңғайлы құрал саналады.
«Көпшілік үшін жеке акцияларды таңдау оңай емес. ETF сатып алу арқылы инвестор бірден бірнеше бағалы қағазға инвестиция салып, тәуекелдерін әртараптандыра алады», – дейді қаржыгер.
Бұдан бөлек, қазақстандық акцияларды халықаралық есеп айырысу және сақтау жүйелеріне қосу жоспарланып отыр. Бұл шетелдік инвесторлардың жергілікті нарыққа кіруін жеңілдетуі тиіс.
Қысқа сатылым механизмі енгізілуі мүмкін
Нарықтағы сұранысты арттыру үшін қысқа сатылым (short selling) тетігін іске қосу мәселесі де қарастырылуда. Қазіргі таңда инвесторлар акция бағасының өсуінен, дивидендтерден және облигациялар бойынша купондық төлемдерден табыс табады. Ал қысқа сатылым механизмі нарық төмендеген кезде де пайда табуға мүмкіндік береді.
Бұл тәсілде бағалы қағаз алдымен сатылып, кейін бағасы арзандаған соң қайта сатып алынады. Сарапшының айтуынша, жаңа механизм уақытша бос бағалы қағаздарды қарызға алу арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл нарық өтімділігін арттыра отырып, бақылаусыз алыпсатарлық тәуекелдерін төмендетуге көмектеседі.
Орта бизнеске биржаға шығу жеңілдейді
Сарапшылардың пікірінше, қор нарығын дамыту үшін жаңа инвесторлармен қатар жаңа эмитенттер де қажет. Қазір IPO өткізу мен облигациялар шығару күрделі әрі қымбат рәсім болып саналады. Сондықтан бұл мүмкіндік негізінен ірі компанияларға ғана қолжетімді.
Жаңа бағдарлама аясында орта бизнес үшін икемді шарттар қарастырылған. Атап айтқанда, компаниялардың биржаға шығуына көмектесетін «листинг демеушілері» институтын енгізу жоспарланып отыр. Олар корпоративтік басқару сапасын арттыруға және компаниялардың ашықтығын күшейтуге ықпал етеді.
Сондай-ақ жария компанияларға арналған салықтық ынталандыру тетіктері қарастырылуда. Еркін айналымдағы акциялар үлесін белгілі бір деңгейде ұстап тұратын компаниялар үшін корпоративтік табыс салығын уақытша төмендету ұсынылған.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл шаралар капитал нарығының құрылымдық мәселелерін шешуге және халықтың жинақтарын бизнеске қажетті ұзақ мерзімді қаржыландыруға бағыттауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қор нарығы Қазақстан экономикасын қаржыландырудың маңызды тетіктерінің біріне айналуы тиіс.