Қазақстанның Әділет министрлігі Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының халықаралық арбитраж арқылы көп миллиардтық экологиялық айыппұлды өндіріп алуды тоқтату әрекетіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, ЮНСИТРАЛ коммерциялық арбитражының аралық шешімі Қазақстан аумағында автоматты түрде заңды күшіне енбейді және қазақстандық соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің күшін жоя алмайды.
Министрлік Қашаған операторына күкіртті белгіленген нормадан артық көлемде сақтағаны үшін салынған айыппұлды ерікті түрде өтеу мерзімі 20 шілдеде аяқталатынын еске салды. Егер осы уақытқа дейін қаражат бюджетке түспесе, мемлекет айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімін бастап, негізгі сомаға қоса 10 пайыз көлемінде қосымша санкция қолданады.
Сонымен қатар Әділет министрлігі ЮНСИТРАЛ трибуналы инвестициялық арбитраж болып саналмайтынын атап өтті.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл арбитраждың өкілеттігі тек коммерциялық-құқықтық дауларды қараумен шектеледі және мемлекеттің егемен құқықтары мен мемлекеттік өкілеттіктеріне қатысты шешім қабылдауға құзыреті жоқ.
Сондай-ақ шетелдік қамтамасыз ету шаралары Қазақстанда міндетті түрде отандық соттардың тану рәсімінен өтуі қажет. Алайда бұл жағдайда мұндай рәсім жүргізілмеген.
Осыған байланысты министрлік мемлекеттік органдар коммерциялық арбитраждың аралық шешімдерін орындау үшін қолданыстағы заңнаманы айналып өтпейтінін және қоршаған ортаны қорғау мәселесінде ұлттық мүддені басшылыққа алатынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, ведомство NCOC-тің арбитраж процесінің егжей-тегжейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялағанын сынға алды. Министрліктің пікірінше, мұндай әрекет халықаралық арбитраждың құпиялық қағидатына қайшы келеді және істің объективті қаралуына кері әсер етуі мүмкін.