Астанада Қытай Ханчжоу қаласының Қазақстанмен арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс-шараға Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысып, екіжақты ынтымақтастықтың маңызын және әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.
Форумда жоғары технологиялар мен инновациялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қатысушылар озық әзірлемелермен алмасу және экономиканың түрлі салаларына инновациялық шешімдерді енгізуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, тұрақты экономикалық даму мен жаңа жұмыс орындарын құрудың кілті – шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызын айтты.
Конференция агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты талқылау алаңына айналды. Екі тарап ауыл өндірісін дамытудың тиімділігін арттыру және аграрлық секторға технологияларды енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Форум қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қоюмен аяқталды. Бұл халықаралық шара Ханчжоу мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам болды.