Қазақстан мен Өзбекстан төтенше жағдайда бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты

Dalanews 26 мам. 2022 06:07 816

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиявтің қаулысымен төтенше жағдайлардың алдын-алу және оның салдарын жою туралы өзбек және қазақ Үкіметі арасындағы келісім бекітілді.

Құжатқа тараптар былтыр желтоқсанда Мирзияевтің Қазақстанға жасаған сапары кезінде қол қойылған.

Келісімде табиғи және техногендік апаттардың алдын алу, олардың салдарын азайту бойынша төтенше жағдайлар мекемелері бірлесіп тиімді іс атқаруы үшін кешендік шаралар мен әрекеттер қаралған.

Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігі былтыр желтоқсанда таратқан мәлімдемеде негізгі басымдық шекараға жақын аймақтарға берілетінін атап өткен.


Бұдан бөлек келісімде қауіпті техногендік және экологиялық процесстерге, жаратылыс құбылыстарына мониторинг жүргізу және болжамдар бойынша өзара үздіксіз ақпарат алмасу, табиғи апаттардың алдын алу, методикалық әдебиеттер, видео және фотоматериалдар, сонымен бірге арнайы техникалық құралдар алмасу қаралған.

2020 жылдың жазында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, Қазақстанның Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданын су басқан. 30 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Су Өзбекстанмен шектесетін бес ауылды, сонымен бірге 7 639 гектар мақта алқабын басып қалған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар