Қазақстан жаһандық білім беру рейтингінде топ-20 қатарына енді

Самал Асқар 07 сәу. 2026 17:54

Қазақстан Insider Global Education Index рейтингінде 18-орынға ие болып, әлемдегі үздік 20 білім беру жүйесінің қатарына енді, деп хабарлайды Dala News.

Мәліметке сәйкес, Қазақстан 0,092 балл немесе шамамен 9,2% деңгейіндегі көрсеткішке жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша ел Нидерландпен (9,2%) тең түсіп, Польша (8,5%), БАӘ (7,8%), Мексика (7,8%), Бразилия (7,1%) және Оңтүстік Африка Республикасынан (7,1%) озып тұр.

Рейтинг көшін АҚШ 99,8% көрсеткішпен бастап тұр. Одан кейін Ұлыбритания (57,0%) мен Қытай (40,1%) орналасқан. Ал Германия (31,7%), Аустралия (25,4%), Жапония (22,5%) және Оңтүстік Корея (21,8%) да жоғары позицияда.

Рейтинг үш негізгі көрсеткіш негізінде жасалған. Олар – QS Top 1000 тізіміндегі университеттердің үлесі, олардың орташа позициясы және білім беру саласына салынатын мемлекеттік инвестициялар көлемі.

Қазіргі таңда Қазақстанның 10-нан астам жоғары оқу орны QS Top 1000 қатарына кіреді. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Satbayev University бар..

Сарапшылардың мәліметінше, білім беру саласына ЖІӨ-нің 3-4%-ы көлемінде тұрақты қаржыландыру бөлінуі жүйенің дамуына оң әсер етіп отыр. Сонымен қатар халықаралық әріптестік кеңейіп, академиялық ұтқырлық артып, университеттер мен өндіріс арасындағы байланыс күшейген.

Жалпы, Қазақстан жаһандық білім беру кеңістігінде позициясын нығайтып, өңірдегі жетекші білім беру орталықтарының біріне айналып келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove