Freedom Inside '26

Қазақстан инвестиция мен өнеркәсіп есебінен тұрақты өсім көрсетіп отыр

Қазақстан инвестиция мен өнеркәсіп есебінен тұрақты өсім көрсетіп отыр
pixabay.com

Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, шикізатқа тәуелділікті біртіндеп азайтып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters агенттігінде жарияланған World Impact Media Organization (WIMO) аналитикалық есебінде әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстанның даму қарқыны салыстырмалы түрде тұрақты екені атап өтілген.

Есепке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өссе, 2026 жылдың алғашқы бес айында экономика 3,7%-ға ұлғайған. Нақты сектор 4%-ға, қызмет көрсету саласы 3,6%-ға өскен. Құрылыс көлемі 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға, көлік және қоймалау саласы 8,4%-ға, сауда 5,6%-ға артқан.

Сарапшылар инвестициялық көрсеткіштерге де ерекше назар аударған. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі $20,5 млрд-қа жетіп, бір жылда 14,4%-ға өскен. Сонымен қатар инвестициялар тек өндіруші салаға ғана емес, экономиканың басқа бағыттарына да белсенді бағыттала бастаған.

Есепте 2025 жылы greenfield форматындағы инвестициялар көлемі $19 млрд болғаны, бұл Орталық Азиядағы осындай инвестициялардың шамамен 89%-ына тең екені көрсетілген.

WIMO сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның өсімі бүгінде инвестициялар, өңдеу өнеркәсібі және заманауи қызмет көрсету секторлары есебінен қамтамасыз етіліп келеді.

Сондай-ақ материалда инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы, Инвестициялық штабтың қызметі, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, сондай-ақ ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал еткені айтылған.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл шаралар инвесторлар үшін тәуекелдерді төмендетіп, рәсімдердің ашықтығын арттырып, ұзақ мерзімді инвестицияларға қолайлы жағдай қалыптастыруда. Сонымен бірге Қазақстан Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы сияқты елдермен инвестицияларды өзара қорғау жөніндегі келісімдер желісін кеңейтіп келеді.

Есепте экономиканы әртараптандыруға да ерекше мән берілген. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, азық-түлік өндірісіне, энергетикаға, көлікке және цифрлық инфрақұрылымға салынатын инвестициялар елдің жаңа экономикалық даму моделінің негізі ретінде бағаланған.