Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған ел мәртебесінде қосылу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропалық одақ өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Horizon Europe – ғылым мен инновацияны қолдауға арналған Еуропалық одақтың ең ірі бағдарламаларының бірі. Оның жалпы бюджеті 175 млрд еуроны құрайды. Бағдарламаға қатысу қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына халықаралық гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан бағдарламаның толыққанды қатысушысы болуды мақсат етіп отыр.
«Біздің мақсатымыз – Horizon Europe ғылыми қаржыландыру бағдарламасына толыққанды қатысушы ретінде қосылу. Бұл оңай процесс емес. Қазіргі таңда бағдарламаға Еуропалық одаққа мүше емес Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия сияқты ірі мемлекеттер ғана қатысады. Сондықтан біз бұл бағыттағы дайындық жұмыстарын бастап кеттік», – деді министр.
Оның сөзінше, Еуропалық комиссияның үш құрылымы Қазақстанның бастамасына қолдау білдірген.
Кездесу барысында ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестікті кеңейту мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ Брюссель дипломатиялық академиясымен ынтымақтастық және қазақстандық дипломаттарды даярлау бағытындағы өзара жұмыс сөз болды.
Брюссель дипломатиялық академиясының директоры Гунтер Хабблом Қазақстанның аймақтағы стратегиялық рөліне тоқталды.
«Біз Қазақстанның дипломатиялық корпусын даярлау мәселесін талқыладық. Брюссель дипломатиялық академиясы әлемдегі ең мықты бағдарламалардың біріне ие және тәжірибеге ерекше мән береді. Сонымен қатар Орталық Азияны зерттеу бағытын дамытқымыз келеді. Бұл ретте Қазақстан өңірдегі маңызды мемлекет ретінде басты назарда болады», – деді ол.
Мамандардың пікірінше, Horizon Europe бағдарламасына қосылу отандық ғылымның халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қазақстандық зерттеушілердің әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысын нығайтуға жол ашады.