Қазақстан энергетикасына 6,2 трлн теңге инвестиция салынады

Қазақстан энергетикасына 6,2 трлн теңге инвестиция салынады
pixabay.com

Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға дейін жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын жаңа генерация көздері іске қосылып, елде электр энергиясының тұрақты профициті қалыптасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұлттық жоба аясында жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын жаңа генерация көздерін іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 6 484 МВт жаңа қуат салынып, 825 МВт қолданыстағы қуаттар жаңартылып, алмастырылады.

2026 жылы жоба аясында шамамен 2 418 МВт қуатты пайдалануға беру көзделген. Ал 2027 жылы тағы 825 МВт жаңа қуат іске қосылады. Оның ішінде Жамбыл мемлекеттік аудандық электр станциясында жалпы қуаты 210 МВт болатын бес газ-турбиналық қондырғы және «МАЭК» ЖШС-де қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы пайдалануға беріледі.

Министрлік мәліметінше, бұл нысандар іске қосылғаннан кейін 2027 жылдың басынан бастап ел экономикасының электр энергиясына деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Ал 2027 жылдың соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт/сағат көлемінде электр энергиясының профициті қалыптасады.

2028-2029 жылдары ұлттық жоба аясында тағы 4 000 МВт-тан астам жаңа қуат енгізіледі. Нәтижесінде 2029 жылы Қазақстанның энергия жүйесінде қажетті 20 пайыздық резерв сақталып, электр энергиясының тұрақты профициті қамтамасыз етіледі. Бұл елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту аясында жалпы қуаты 36 МВт болатын үш газ-турбиналық қондырғы салынғанын хабарлады. Сонымен қатар биыл Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы іске қосылып, Текелі энергетикалық кешенін жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталды. Оның нәтижесінде тағы 17 МВт қуат пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қосымша 2 161 МВт іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Ұлттық жоба аясында өңірлерді сенімді жылумен және электрмен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 1,3 трлн теңгеге 1,6 мың шақырым жылу желісін және 2,7 трлн теңгеге 77,5 мың шақырым электр желісін жаңғырту көзделген.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2029 жылға қарай еліміздегі жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 52 пайыздан 42 пайызға, ал электр желілерінің тозуы 74 пайыздан 45 пайызға дейін төмендейді.

Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі жалпы ұзындығы 11 561 шақырым электр желісін жаңғырту мен реконструкциялауға бағытталған 514,5 млрд теңгенің 246 жобасын қолдаған. Оның ішінде 61 жоба құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде болса, 113 жоба бойынша мердігерлерді анықтау рәсімдері жүргізіліп жатыр. Тағы 71 жоба келісіліп, қараудың алғашқы кезеңінде тұр.

Жылу желілерін жаңғырту бағытында жалпы құны 449,2 млрд теңге болатын 137 жоба әзірленген. Олар аясында 314 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Қазір 34 жоба іске асырылып жатыр, 38 жоба толық дайын, ал 65 жоба қаралу кезеңінде.

Облигациялық қарыз қаражаты есебінен Қарағанды, Теміртау және Тайынша қалаларында жалпы ұзындығы 11,1 шақырым болатын үш жылумен жабдықтау жобасы аяқталған. Бұл жұмыстар тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтуға және 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымын іркіліссіз өткізуге мүмкіндік берген.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі энергетика саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Оның аясында энергетика нысандарының деректері мен цифрлық сервистерін біріктіретін EnergyTech бірыңғай платформасы құрылуда. Сондай-ақ жылу, электр және газ желілеріне интеллектуалды есептеу құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізілуде.

Бұдан бөлек, энергетика объектілерінің киберқауіпсіздігін күшейту үшін 200-ден астам энергетика нысанын қамтитын салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл орталық киберқауіптерді орталықтандырылған түрде бақылауға, анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді.