Қазақстан еңбек нарығына 2035 жылға дейін қандай мамандар керек?

Қазақстан еңбек нарығына 2035 жылға дейін қандай мамандар керек?
pixabay.com

Қазақстан экономикасына 2035 жылға дейін 2,9 млн кадр қажет болады, оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтары бойынша болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Қазақстанның еңбек нарығындағы жаңа тәсілдерге арналған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің материалдарында айтылған.

Қазіргі таңда елдегі жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайды. Оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылғандардың жартысына жуығы техникалық және кәсіптік білімі бар азаматтар. Атап айтқанда, 4,7 млн адам немесе 50%-ы техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылар мен мамандар, 4,1 млн адам немесе 44%-ы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған қызметкерлер, ал 600 мың адам немесе 6%-ы орта біліммен еңбек етеді.

Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары болып отыр. Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланған 845 мың вакансияның 432 мыңы, яғни 51%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Экономиканың алдағы жылдардағы қажеттілігі де осы бағыттағы кадр тапшылығы сақталуы мүмкін екенін көрсетеді. 2035 жылға дейін экономикаға қажет 2,9 млн кадрдың 62%-ын немесе 1,8 млн адамды жұмысшы мамандықтары бойынша даярлау қажет болады.

Сұраныс ең алдымен өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында қалыптасады. Болжам бойынша өнеркәсіпке 183 мың, құрылысқа 102 мың, ауыл шаруашылығына 73 мың, IT саласына 12 мың жұмысшы маман қажет.

Осыған байланысты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптердің тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта тізімде 51 кәсіп болса, оны 174 кәсіпке дейін жеткізу көзделген.

Жаңа сұранысқа ие кәсіптердің қатарында реттегіш-наладчиктер, қашықтан зондтау мамандары, реакторлық зал операторлары, жабдықтарды жөндеу жөніндегі мамандар, агродрон мамандары, сондай-ақ жел және күн электр станцияларын монтаждау жөніндегі мамандар бар.

Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді

Еңбек нарығындағы өзгерістерге технологиялық даму мен жасанды интеллектінің таралуы да әсер етеді.

Министрлік болжамында жасанды интеллектінің мамандықтарға ықпалы бірнеше бағыт бойынша қарастырылған. Атап айтқанда, 14 кәсіптің жойылу қаупі бар, 46 мамандық трансформацияланады. Сонымен қатар 562 мамандық бойынша қажетті дағдылар өзгереді.

Ал 2035 жылға қарай еңбек нарығында 33 жаңа мамандықтың пайда болуы күтіледі.

Бұл жағдай кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының өзгерістеріне алдын ала бейімдеуді талап етеді. Яғни колледждер мен оқу орталықтарында тек қазіргі сұранысқа ғана емес, болашақта қажет болатын кәсіптерге де маман даярлау көзделіп отыр.

Осы мақсатта кәсіптік стандарттарды жаңарту жұмысы жүргізіледі. 2026 жылдың соңына дейін 200-ден астам жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу жоспарланған.

Жаңа стандарттарға жасанды интеллект компонентін енгізу де қарастырылып отыр. Бұл жұмыс берушілердің болашақ мамандардан талап ететін дағдыларын оқу бағдарламаларына енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының кәсіптік стандарттарға сәйкестігін автоматты түрде тексеру жүйесін енгізу жоспарланған.

Кадр даярлау жүйесі цифрландырылады

Жұмысшы мамандарды даярлау жүйесінде цифрлық шешімдерге де басымдық берілмек. Жоспар бойынша азаматтарға біліктілікті растаудың цифрлық жолы ұсынылады. Ол маманның біліктілігін аккредиттелген орталықтан сертификат алуға дейінгі процесті жеделдетуге бағытталған.

Бұдан бөлек, Skills.enbek.kz платформасындағы онлайн оқыту мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Жыл сайын 300–350 мың адамды оқыту, сертификаттау және сұранысқа ие дағдыларды меңгерту жоспарланып отыр.

Еңбек нарығын болжау үшін Big Data және жасанды интеллект технологиялары да пайдаланылмақ. Бұл құралдар қандай кәсіптер мен дағдыларға сұраныс артатынын өңірлер мен салалар бойынша алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Жиналған деректер негізінде кадр даярлау көлемін еңбек нарығының болжамды қажеттілігімен сәйкестендіру көзделіп отыр. Сонымен қатар азаматтарға еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай жеке мансаптық траекториясын қалыптастыруға көмектесетін жүйе енгізу жоспарланған. Ол адамның біліктілігі мен жұмыс берушілердің талаптарын салыстырып, қайта даярлау немесе қосымша білім алу бойынша ұсыныстар беруге бағытталады.

Жаңа тәсілдердің тағы бір бағыты – біліктілікті мойындау жүйесін кеңейту. 2025 жылы 12 біліктілікті тану орталығын іске қосу жоспарланған, ал 2026 жылы олардың санын 7 орталыққа дейін ұлғайту көзделген.

Министрлік жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына бейімдеуді көздеп отыр. Негізгі мақсат – экономикаға қажетті мамандарды алдын ала даярлап, жұмыс берушілер мен еңбек нарығы арасындағы кадрлық алшақтықты азайту.