"Педагогтерге демалуға мүмкіндік берейік". Министр ата-аналар чаттары туралы айтты

"Педагогтерге демалуға мүмкіндік берейік". Министр ата-аналар чаттары туралы айтты
gov.kz

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің ата-аналармен жұмыс уақытынан кейінгі қарым-қатынасына қатысты пікір білдірді. Министр Facebook-тегі парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде мұғалімдерге демалуға уақыт беру маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жұлдыз Сүлейменова министрлік ата-аналар мен педагогтердің қарым-қатынасын шектеп, оны барынша азайтуды көздемейтінін атап өтті. Оның айтуынша, отбасы мен мектеп арасында тұрақты әрі сындарлы байланыс қажет. Алайда қарым-қатынас белгілі бір ережелер мен өзара құрметке негізделуі керек.

"Өзімізді мұғалімнің орнына қойып көрейік. Орта есеппен педагог жұмыс күні ішінде алты сабақ өткізеді және бірнеше сыныппен жұмыс істеп, күн сайын жүздеген баламен қарым-қатынас жасайды. Әр сабақта мұғалім барынша жинақы болуы керек", - деді министр.

Ол сабақ барысында педагог жаңа материалды түсіндіріп, тақтада жұмыс істейтінін, жазып, көрсетіп, сұрақтарға жауап беретінін, тапсырмалар орындалуын бақылап, тәртіпті қадағалайтынын және тақырыпты түсінбеген оқушыларға көмектесетінін айтты.

"Педагог үнемі қозғалыста болады, көбіне бүкіл сабақты тік тұрып өткізеді. Мұғалімнен әр сабақта бар күшін салу талап етіледі. Бір сабақ аяқталған соң келесісі басталады: жаңа сынып, жаңа балалар, жаңа сұрақтар және, әрине, жаңа жауапкершілік", - деп атап өтті Сүлейменова.

Сүлейменова сабақ аяқталғанымен, мұғалімнің жұмыс күні бітпейтінін айтты. Мұғалімдер дәптерлер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі күнге дайындалуы керек.

Оның пікірінше, педагогтерге күш жинап, демалуға уақыт қажет. Бұл олардың келесі күні балалармен толыққанды жұмыс істеуі үшін маңызды.

"Мұғалімдеріміз келесі күні балалардың алдына қайтадан сергек, мұқият, сабырлы әрі кәсіби күйде келсін десек, педагогтерге күш жинап, демалуға мүмкіндік беруіміз керек. Сондықтан ата-аналар чаттарына қатысты мәселе қарым-қатынасқа тыйым салу емес, бұл - ең алдымен өзара құрмет мәселесі", - деді Сүлейменова.