Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстаннан Еуропаға транзиттелетін тауарлардың Ресей шекарасында кідіру себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл жағдай Ресей Үкіметінің 2022 жылғы 9 наурыздағы №313 қаулысына 2024 жылдың 15 қазанында енгізілген түзетулерден кейін пайда болған. Жаңа ережелер бойынша белгілі бір тауарлардың (дрондар, әскери киім, генераторлар, аккумуляторлар және т.б.) Ресей аумағынан ЕО, АҚШ, Украина және басқа да мемлекеттерге шығарылуына қосымша шектеулер қойылған. Алайда Ресей бұл өзгерістерді қазақстандық тарапқа алдын ала хабарламастан, біржақты енгізген.
Нәтижесінде, Қытайдан ЕО елдеріне Қазақстан мен Ресей аумақтары арқылы өтетін 20 жүк көлігі шекарада тоқтатылды.
"Бұл тауарлар 2024 жылдың қазан айында экспорттауға тыйым салынған тауарлар тізіміне енгізілген. Ресей заңнамасына сәйкес бұл шектеулерді бұзу 50 мыңнан 300 мың рубльге дейін айыппұл салуға, сондай-ақ тауарларды тәркілеуге әкеледі. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі Ресеймен келіссөздер жүргізуде", – деді Жұманғарин.
Оның сөзінше, Қазақстан тарапы Ресейдің Экономикалық даму министрлігіне хат жолдап, ұсталған тауарларды межелі жерге жеткізу немесе оларды Қазақстанға қайтару мәселесін қарастыруды сұраған. Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл мәселені шешу үшін Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жіберген.
Ресей тарапы бұл шараларды санкцияларға жауап ретінде енгізгенін түсіндіріп отыр. Мәскеу бұл шектеулер Ресей үшін “достық емес” елдердің аталған тауарларды пайдалануына жол бермеу мақсатында қабылданғанын мәлімдеді.
"Мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында. Оны екіжақты келіссөздер мен Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында талқылау жоспарлануда", – деп қорытындылады Серік Жұманғарин.