Қазақстан Дүниежүзілік банктен қарыз алмақ

Қаракөз Амантай 04 нау. 2026 15:09

Қазақстан инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банк тобынан қарыз тартпақ. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бөлінетін қаражат ел экономикасын цифрландыруға, Жезқазған – Қарағанды және Бейнеу – Сексеуіл бағыттарында автожолдар салуға бағытталады. Сонымен қатар инновациялық жобаларды дамытуға, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге, суару және дренаж жүйелерін жетілдіруге, теміржол қатынасын дамытуға, коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалмақ. Бұдан бөлек, Қамбар-Ата-1 су электр станциясының құрылысына да қаржы қарастырылған.

Айта кетейік, Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк тобына кіретін халықаралық қаржы ұйымдары арасындағы серіктестік туралы рамалық келісімді ратификациялады. Атап айтқанда, бұл құжат Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттік ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Келісім Қазақстанның тұрақты дамуы мен экономикалық өсімін қолдауға бағытталған. Құжатта осы ұйымдармен өзара іс-қимылдың құқықтық негіздері мен негізгі қағидаттары бекітіліп, елдегі стратегиялық реформаларды қолдауға арналған бірлескен шаралар айқындалған.

Сонымен қатар келісім макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылықты нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске қаржыға қолжетімділікті арттыру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік салаларға, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіне инвестиция тарту да негізгі басымдықтардың қатарында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove