DALA INSIDE дереккөзінің сөзінше, күштік құрылымдардың барлығына бағаның негізсіз көтерілуіне әсер етіп жүрген делдалдарды құрықтауға пәрмен берілді. Тіпті қажет болса Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық мүмкіндігін де пайдалануға болады. Онымен бірге, тауар өндірушілер мен сатушылар, яғни дүкендер мен маркетплейстердің арасына делдал кіре алмайтын механизм құру ісі Сауда және интеграция министрлігі мен барлық әкімдіктерге тапсырылды.
"Қазақстан соңғы 10 жылда делдалдық экономикаға толық көшіп кеткен. Субподрядтың судподряды пайда болды. Ол бағаның жоқ жерден өсуіне, осы бағаға ұсынылған тауар мен қызметтің өте сапасыз болуына алып келді. Мысалы, 1 миллион теңге тұратын жер қазатын тапсырысты шын мәнінде тізбектің ең соңындағы бір жұмысшы ары кетсе 100 мың теңгеге істейді. Ал арадағы 900 мың теңгені сол тапсырысты жең ұшынан алып алған делдалдар жұлып кетеді. 100 мың теңгеге жалғыз адам істеген жұмыстың сапасы да болмайды. Сонда делдалдар экономикаға ешқандай тауар немесе қызмет енгізіп, құндылық тудырмайды. Керісінше орынсыз инфляция пайда болады", - дейді дереккөз.
Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен құрылыс, жол жөндеу сааларындағы делдалдыққа басым назар аударылды. Фермерлерден өнімді тым арзанға алып кетіп, ақырғы сатушыға екі есе бағасымен жеткізетін посредниктерді алып тастап, орнына фермердің тікелей сауда орнына жетуі ойластырылуда. Мемлекеттің ойынша, қымбатшылықтың 40 пайызына делдалдар кінәлі. Қазір еліміздегі ресми инфляцияның жылдық деңгейі 13 пайызға жетіп қалды. Қымбатшылықтың шын мәнінде өршіп тұрғанын барлық сатылардағы түрлі қызмет өкілдері де қысылмай айта бастаған.
Осыны пайдаланған сыртқы және ішкі күштер қымбатшылықты алға тартып халықты көшеге шығарғысы да келді. Сондықтан ел билігіне дәл қазір қымбатшылықпен барлық деңгейде аяусыз күрес жүргізу қажет болып тұр. Осы сең қозғала бастағанға ұқсайды.