Қазақстан банк жүйесінің ауқымы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Қазақстан банк жүйесінің ауқымы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр
Фото: Egemen.kz/Амангелді Қияс

Банк жүйесі ел экономикасының маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Экономика тұрақты дамыған сайын банктердің активтері, халықтың депозиттері мен берілетін несиенің көлемі де артады. Бұл бизнестің белсенділігін, халықтың табысын және қаржы жүйесіне деген сенімін аңғартады, деп хабарлайды dalanews.kz.

"QZ Economy. Талдау" телеграм арнасының мәліметінше, Қазақстан осы тұрғыдан Орталық Азия елдері арасында көш бастап келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан банк секторының активтері 140 млрд долларды құрады. Бұл Өзбекстандағы көрсеткіштен (76,9 млрд доллар) екі есеге жуық көп. Ал Қырғызстанда банк активтері 13,9 млрд доллар болса, Тәжікстанда 5,9 млрд долларды құраған.

Несие портфелі көлемі бойынша да Қазақстан бірінші орында. Елдегі банктер берген несиенің жалпы көлемі 86 млрд долларға жеткен. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 50,2 млрд доллар, Қырғызстанда – 5,8 млрд доллар, ал Тәжікстанда – 2,6 млрд доллар.

Депозит көлемі жағынан да Қазақстан өңірде көшбасшы. Қазақстан банктеріндегі депозиттер көлемі 96,4 млрд долларды құрайды. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 34,7 млрд доллар, Қырғызстанда – 9,9 млрд доллар, ал Тәжікстанда – 3,6 млрд доллар.

Сарапшылардың назарын аудартқан жайттың бірі – Өзбекстанда депозиттердің көлемі несие портфелінен айтарлықтай аз. Бұл банктердің мемлекеттік қаржы немесе сыртқы қарыз секілді өзге де қаржыландыру көздерін пайдаланатынын білдіреді.

Ал Қазақстанда депозиттер мен несиелердің көлемі бір-біріне жақын. Бұл банк жүйесінің негізінен халық пен бизнестің қаражатына сүйеніп жұмыс істейтінін көрсетеді.

Жалпы алғанда, көрсеткіштер Қазақстанның банк жүйесі ауқымы жағынан Орталық Азиядағы ең ірі әрі ең дамыған жүйе екенін аңғартады. Мұндай көрсеткіш банк секторының тұрақтылығын ғана емес, ел экономикасының әлеуетін де көрсетеді.