Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде көш бастап тұрған жоқ - депутат

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде көш бастап тұрған жоқ - депутат
Фото: Азаматтарға арналған үкімет, Алматы қ. филиалы

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде көш бастап тұрған жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Снежана Имашева мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутат Ztb news-ке берген пікірінде елдегі ажырасу деңгейі ТМД мемлекеттеріндегі орташа көрсеткішпен шамалас екенін алға тартты. Сондықтан Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемдік рейтингтердің көшін бастап тұр деген пікір шындыққа жанаспайды.

Соған қарамастан депутат отбасы институтын нығайту маңызды мәселе болып қала беретінін айтты. Оның сөзінше, қазір болашақ ерлі-зайыптылар үшін некеге дейін міндетті түрде кеңес беру тетігін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Көптеген жұп отбасылық өмірдің жауапкершілігін толық түсінбей, алда кездесуі мүмкін қиындықтарға дайын болмай некеге тұрады", – деді ол.

Снежана Имашева ажырасудың алдын алу үшін отбасылық медиацияны дамыту, психологтардың көмегіне жүгіну сияқты шаралар тиімді болуы мүмкін екенін атап өтті.

Ал ажырасу кезінде төленетін мемлекеттік баж салығын көтеру мәселені шешпейді деп санайды.

"Егер адамдар ажырасу туралы нақты шешім қабылдап қойған болса, баж салығын арттыру отбасын сақтап қала алмайды", – деді депутат.