Қазақстан азаматтары Түркиядағы әскери төңкеріс туралы әңгімеледі

Dalanews 16 шіл. 2016 05:39 960

«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Хабар» және «24 KZ» телеарналарының меншікті тілшісі Ержан Жүсіп Түркиядағы оқиға туралы баяндап берді. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кеше кешкі уақытта басталған.

«Ешкім бұлай болады деп ойлаған жоқ. Мен бұл уақытта кешкі асымды ішіп отыр едім. Ең бірінші ақпарат Твиттер әлеуметтік желісінде пайда болды. Осы әлеуметтік желіні пайдаланушылар түнгі сағат 22.00 шамасында Анкараның үстінен әскери ұшақтар ұшып жатқандығын, Ыстамбұл қаласында екі көпірдің жабылғандығын жазды.

Кейін, әскерилердің Түркия Президентінің резиденциясын басып алғандығы жайында ақпарат пайда болды.

Бүлікшілер тобы мұны әскери төңкеріс деп мәлімдеді. Бұдан кейін, 15-20 минуттан кейін алғашқы мәліметтер пайда бола бастады. Адамдар әлеуметтік желі мен телеарналық хабарларды мұқият бақылап отырды», - деді Е. Жүсіп.

Одан әрі Түркияның рейтингтік NTV телеарнасының тікелей эфиріне телефон арқылы Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым шықты.

Ол болып жатқан оқиғаға әскери төңкеріс деп баға беруге болмайтындығын айтты. Премьер халықты тыныштыққа шақырып, қазір жағдайдың тұрақталғандығын, барлығы бақылауға алынғандығын, кінәлілер жазаға тартылатындығын мәлімдеді.

«Бірақ, кейін жағдай шынында да қауіпті бола бастады. Көп ұзамай Президенттің өзі Skype арқылы тікелей эфирге шығып, шын мәнісінде ел қарулы күштерінің белгілі бір әскерлері билікті басып алуға әрекет жасағандықтарын, осылайша опасыздыққа барғандарын мәлімдеді.

Ол халықты орталық алаңдарға, әуежайларға шығып, бүлікшілердің әрекетіне наразылық білдіруге шақырды. Осы уақытта Ататүрік әуежайы секілді стратегиялық маңызы бар нысандарға танктер жылжи бастады.

Ұлттық барлау ғимаратының алдында қарулы қақтығыс болды. Төңкерісшілер оны басып алғысы келді.

Олар Ыстамбұлдағы Ішкі істер басқармасын да басып алғысы келіп, ол жаққа танктерді бағыттады. Халық Президенттің мәлімдемесінен кейін, көшелерге, алаңдарға шығып, танктердің өтуіне жол бермеді», - деді отандасымыз.

Ал бүлікшілердің мәлімдеуінше, олар жемқор билікті тақтан тайдыруға тырысқан.

«Ең қызығы, Түркияның Қарулы Күштерінің ресми сайтында биліктің басып алынғандығы туралы ақпарат пайда болды. Одан кейін, интернет пен әлеуметтік желілер нашар жұмыс істей бастады.

Ал көп ұзамай тұрғындар азық-түлік сатып алу үшін жаппай дүкендерге ағыла бастады. Өйткені, ертеңгі күннің қалай болатыны белгісіз еді.

Бұл уақытта банкоматтар, жанар май құю стансалары және қоғамдық көлік жұмыс істемеді. Бұқаралық ақпарат  құралдарының мәлімдеуінше, Ыстамбұлдың кейбір аумақтарында жарылыс дыбыстары естіліпті.

Кейін, бүлікшілер Түркия Қарулы Күштерінің басшысы, олардың қолына кепілдікке алынғандығын мәлімдеді.

Таңға қарай оның жағдайы қалай болғаны белгісіз. Премьер-министр егер де кімде-кім әуеге әскери ұшақтарды немесе тікұшақтарды рұқсатсыз көтеретін болса, атып түсірілетіндігін хабарлады», - деді Ержан.

Сондай-ақ, ол Түркия Парламентіне де шабуыл жасалып, 12 адамның жарақат алғандығын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстанның консулдығы Түркияда жүрген қазақстандық студенттерді және басқа да отандастарымызды абай болуға, әзірге үйден далға шықпауға шақырды.

«Тағы бір айта кететін жайт, Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік төңкеріс жасалу барысында Мармаристегі қонақ үйден шыққаны сол екен, сол қонақ үйге шабуыл жасалған. Оған екі бомба түсті», - деді Е. Жүсіп.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар