Қазақстан әлемдік рейтингтерде қай орында — статистика

Қаракөз Амантай 06 нау. 2026 12:23

Қазақстан әртүрлі халықаралық рейтингтер мен индекстерде түрлі көрсеткіштер бойынша бағаланып келеді. Кейбір салаларда еліміз көш басында тұрса, кейбір бағыттарда көрсеткіштер әлі де жақсартуды қажет етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Finneews.kz түрлі саладағы тізімге шолу жасады.

Азық-түлік инфляциясы

2026 жылға жасалған болжам бойынша Қазақстан азық-түлік инфляциясы жоғары елдердің қатарына енді. Көрсеткіш 12,7 пайызды құрап, әлем бойынша 9-орынға тұрақтаған. Бұл тізімде Иран (55,9%), Аргентина (33,2%) және Түркия (25,1%) секілді елдер алғашқы қатарда тұр.

Уран өндіру

Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі ғана емес, №1 орында тұр. Сарапшылардың мәліметінше, еліміз әлемдік уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның энергетикалық шикізат нарығындағы маңызды рөлін айқын көрсетеді.

Бақыт индексі

Халықаралық бақыт индексінде Қазақстан 147 елдің ішінде 43-орынды иеленген. Елдің жалпы көрсеткіші 6,378 балл деп бағаланған. Бұл Қазақстанның әлемдік рейтингтің жоғарғы үштен бір бөлігінде орналасқанын аңғартады.

Әскери қуат рейтингі

Global Firepower ұйымының деректеріне сәйкес, әскери әлеует техника, адам ресурсы, қаржы, логистика және географиялық мүмкіндіктер сияқты 60-тан астам фактор бойынша бағаланады. Осы рейтингте Қазақстан 145 елдің ішінде 58-орында тұр.

Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі

Transparency International ұйымы жариялаған мәліметке сәйкес, Қазақстан 182 елдің ішінде 96-орынға жайғасқан. Елдің көрсеткіші 38 балл деп бағаланған. Бұл индекс қоғамның мемлекеттік жүйеге деген сенімі мен жемқорлықты қабылдау деңгейін көрсетеді.

Баспасөз еркіндігі

Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орынды иеленген. Сарапшылар бұл рейтингті журналистердің жұмыс жағдайы, медиа еркіндігі және ақпарат таратудағы шектеулер сияқты факторлар арқылы бағалайды.

Жалпы алғанда, Қазақстан табиғи ресурстарды игеру секілді кейбір стратегиялық салаларда әлемдік көшбасшылар қатарында тұр. Дегенмен әлеуметтік-экономикалық және институционалдық көрсеткіштер бойынша әлі де атқарылар жұмыс бар екені байқалады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove