Қарттар күніне орай Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстарында 150 мыңнан астам тұрғынға біржолғы ақшалай көмек төлеу жоспарланып отыр. Әр өңірде төлем көлемі мен оны алушылар санаты әртүрлі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі редакцияның сауалына берген жауабында жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтарға 2,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем қарастырылғанын хабарлады. Биыл бұл сома 10 812 теңгені құрайды. Әлеуметтік қолдау шарасы елордадағы 110 мыңнан астам зейнеткерді қамтиды.
Қарағанды облысында 75 жасқа толған және одан үлкен жастағы 43 405 тұрғынға 21 625 теңгеден төлеу көзделген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Айгерім Бекішеваның мәліметінше, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 938,6 млн теңге бөлінген.
Ал Түркістан облысында көмек үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алып жүрген жалғызілікті қарияларға беріледі. Өңір әкімдігінің дерегіне сәйкес, 1 253 адамға 5 АЕК көлемінде, яғни 21 625 теңгеден төлем жасау жоспарланған.
Еске салсақ, 2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 4 325 теңге.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Жетісу, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы, Қостанай және Қызылорда қалаларында Қарттар күніне байланысты арнайы ақшалай төлем қарастырылмаған. Бұл ақпаратты аталған өңірлер әкімдіктерінің баспасөз қызметтері растады.
Айта кетейік, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда бекіткен. Мереке алғаш рет 1991 жылы аталып өтті. Оның негізгі мақсаты – егде жастағы адамдардың қоғамдағы рөлін дәріптеп, олардың құқықтары мен қажеттіліктеріне назар аудару.