Бірнеше ай бұрын заңсыз кәсіпкерлік пен қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру ісі бойынша сотталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың отбасында жанжал шықты. Төлегенова күйеуінің телефондары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылауға алуға әрекет жасағанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, жанжал кезінде ол киім бөлмесіне қамалып, екінші телефоны арқылы видео түсірген.
"Күйеуім Ерболат Жанәбілов жеке заттарымды, телефондарымды және әлеуметтік желідегі парақшаларымды тартып алып жатыр. Қазір киім бөлмесіне қамалып отырмын. Қолымдағы екінші телефонның қуаты бес пайыз ғана қалды", – деді ол.
Эльмира Төлегенова күйеуінің туыстарымен бірге бөлмеге кіруге әрекет жасағанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, олар отбасы туралы кейбір ақпараттың әлеуметтік желіге жарияланып, қоғамға тарап кетуінен қауіптенген.
"Олар менің әлеуметтік желіде осы отбасыға қатысты әлденені жариялауымнан қорқады. Ерболат стористердің бәрін өшіріп жатыр. Қолдарым қызарып кетті", - деді Төлегенова.
Бұған қоса, әйелінің парақшасында Ерболат Жанәбіловке бағытталған бірнеше жазба пайда болды.
"Сен және сенің отбасың туралы бар шындықты айтамын. Менің аккаунттарым мен жазбаларымды өшіруді тоқтат. Шыдаудан шаршадым", – делінген соның бірінде.
Сондай-ақ парақшада есірткіге қатысты айыптау сипатындағы жазбалар жарияланған. Алайда оның мазмұнын растайтын нақты дәлел әзірге ұсынылған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі жазбалардың шынайылығына күмән келтіріп, аккаунтқа бөгде адамдар кіруі мүмкін екенін де жазып жатыр.
Әзірге Ерболат Жанәбілов аталған мәлімдемелерге қатысты көпшілік алдында түсініктеме берген жоқ.
Кейін Эльмира Төлегенова өзіне ешкім қол көтермегенін мәлімдеп, әлеуметтік желіде жалған ақпарат пен фейк парақшалар тарап жатқанын айтты. Оның түсіндіруінше, Ерболат екінші телефонын алып қоймақ болған кезде ол гардероб бөлмесіне кіріп, есікті ішінен жапқан.
"Арамызда төбелес немесе басқа да күш қолдану болған жоқ. Бұл жағдайды өз беттеріңізше жорамалдаудың қажеті жоқ. Кейін бәрін түсіндіремін. Қазір үйдемін, балаларым қасымда, жақындарым жанымда", – деді блогер.
Сонымен қатар Төлегенова Ерболат Жанәбіловпен ажырасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, биыл сәуірде Астана соты ерлі-зайыптыны заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныған. Іс материалдарында блогерлердің лицензиясыз ұтыс ойындарын өткізіп, аса ірі көлемде табыс тапқаны көрсетілген.
Сот Ерболат Жанәбіловке екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Эльмира Төлегенова екі жылға бас бостандығынан айырылғанымен, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 2028 жылғы 27 сәуірге дейін кейінге қалдырылды. Мемлекет пайдасына сегіз автокөлік пен 17 iPhone тәркіленді. Ал іс бойынша келтірілген 247,6 миллион теңге залал толық өтелген.