Экономикалық өсім — өте маңызды фактор, дегенмен ол халықтың өмір сүру сапасын толық көлемде көрсете алмайды. Дәл осы себептен, азаматтардың әл-ауқатының бірнеше маңызды аспектілерін бірден ескеретін және әртүрлі елдердің жетістіктерін салыстыруға мүмкіндік беретін адам дамуы индексі негізгі халықаралық бағдарлардың бірі саналады. Қазақстанның ағымдағы рейтингте қандай позицияларды иеленіп отырғанын және мұндай нәтижелердің нені білдіретінін Ranking.kz зерттеушілері қарастырып көрді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдымен анықтамадан бастайық. Адам дамуының индексі (Human Development Index, HDI) — әртүрлі елдердегі кешенді көрсеткіштерді салыстыру үшін БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) әзірлеген жиынтық көрсеткіш. Ол үш негізгі бағытты ескереді: ұзақ әрі салауатты өмір сүру, білімге қолжетімділік және экономикалық тұрғыдан лайықты өмір сүру деңгейі. Бұл үштік адам өмірінің басты аспектілерін — әл-ауқат пен ұзақ өмір сүруден бастап, өзін-өзі дамыту мүмкіндігіне дейін қамтуға мүмкіндік береді.
Индексті есептеу үшін туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы, күтілетін және орташа білім алу ұзақтығы, сондай-ақ сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс (СҚП бойынша ЖҰТ) қолданылады. Индекс мәні 0-ден 1-ге дейінгі аралықта құбылады. HDI мәніне байланысты елдер төрт топқа бөлінеді: адамның даму деңгейі өте жоғары (0,800 және одан жоғары), жоғары (0,700–0,799), орташа (0,550–0,699) және төмен (0,550-ден аз) елдер. Бірден атап өтейік: Қазақстан адамның даму деңгейі өте жоғары елдердің мүмкін болатын ең үздік санатына жатады.
БҰҰДБ-ның 2023 жылғы мәліметтерге негізделген 2025 жылға арналған баяндамасы «Таңдау мәселесі: жасанды интеллект дәуіріндегі адамдар мен мүмкіндіктер» (A Matter of Choice: People and Possibilities in the Age of AI) деп аталды. Оның авторлары жасанды интеллектінің адам мүмкіндіктеріне әсерін қарастырып, технологиялық трансформацияның салдары мемлекеттер мен қоғам қабылдайтын шешімдерге байланысты болатынын баса айтады. ЖИ адам мүмкіндіктерін кеңейте алады, бірақ технологияларға қолжетімділік тең болмаған жағдайда, ол елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы бар алшақтықты одан әрі тереңдетуі мүмкін.
Сонымен бірге, БҰҰДБ жаһандық прогрестің айтарлықтай бәсеңдегенін атап өтеді. 2023 жылы орташа әлемдік HDI мәні 0,756-ны құрады. Дағдарысты 2020 және 2021 жылдарды есепке алмағанда, 2024 жылы индекстің болжамды өсімі 1990 жылдан бергі ең төменгі деңгейде болды. Бұл ретте маңызды сәтті атап өткен жөн: 2023 жылдың қорытындылары көрсеткендей, әлемдегі прогрестің жалпы бәсеңдеуіне қарамастан, Қазақстан HDI бойынша тұрақты оң динамиканы сақтап, орташа әлемдік (сондай-ақ орташа өңірлік) көрсеткіштен басып озуын жалғастырды.
Қазақстан ТМД мен Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап тұр
Енді нақты цифрларға көшейік. 2023 жылғы көрсеткіштерге негізделген 2025 жылғы баяндама деректері бойынша Қазақстан 193 ел мен аумақ арасында 60-орында тұр. ҚР Адамның даму индексі (HDI) 0,837-ні құрады, бұл жоғарыда атап өткеніміздей, адам дамуының өте жоғары деңгейіне сәйкес келеді.
ТМД* мен Орталық Азия елдері арасында бұл — ең үздік нәтиже. Келесі орындарға Ресей (0,832 және 64-орын), Беларусь (0,824 және 65-орын), сондай-ақ Армения (0,811 және 69-орын) жайғасты. Төрт мемлекеттің барлығы да адам дамуының деңгейі өте жоғары елдер тобына кіреді.
Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Ұқсас көрсеткіш Беларусьте де тіркелген, ал Ресейде бұл көрсеткіш 73,2 жасты құрады.
Қазақстанда күтілетін білім алу ұзақтығы 14 жылды, ал білім алудың орташа ұзақтығы 12,5 жылды құрады. Айта кету керек: қазақстандық білім беру саласы түрлі әлемдік рейтингтерде расымен де мықты позицияларды көрсетіп келеді. Мысалы, жақында шыққан QS Best Student Cities 2027 деректеріне сай қос елордамыз — Алматы мен Астана өз позицияларын жақсартып, рейтингте тиісінше 78-орынды (+13) және 119-орынды (+8) иеленді. Бұл ҚР-ның студенттік қалалардың тартымдылығы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Негізгі артықшылықтар ретінде мықты университеттер мен жоғары білімнің қолжетімділігі атап өтілді.
Қазақстанда СҚП бойынша ЖҰТ 30,9 мың АҚШ долларын құрады. Қарастырылып отырған елдер арасында бұдан жоғары көрсеткіш тек Ресейде тіркелді: 39,2 мың АҚШ доллары. Беларусьте бұл көрсеткіш 26,7 мың АҚШ долларын, Арменияда 20,2 мың АҚШ долларын құрады.
Адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобына Әзербайжан (индексі 0,789), Молдова (0,785), Украина (0,779), Түркіменстан (0,764), Өзбекстан (0,740) және Қырғызстан (0,720) кірді.
Тәжікстан 0,691 индексімен 128-орынға тұрақтап, қарастырылып отырған елдердің ішінде адам дамуының деңгейі орташа жалғыз мемлекет болды. Келесі санаттың 0,700 деңгейінде белгіленген төменгі шегіне дейін елге 0,009 тармақ жетпей қалды.
Қазақстан орташа әлемдік және өңірлік деңгейден асып түсті
2023 жылы әлем бойынша HDI-дің орташа мәні 0,756-ны, ал Еуропа мен ҚР құрамына кіретін Орталық Азия макроөңірі бойынша 0,818-ді құрады. Қазақстанның көрсеткіші орташа әлемдік деңгейден 0,081 тармаққа, ал макроөңірлік орташа көрсеткіштен 0,019 тармаққа жоғары болды.
1990–2023 жылдар аралығында ҚР адам дамуының индексі 0,148 тармаққа немесе 21,5%-ға артты. Еуропа мен Орталық Азияның орташа көрсеткіші 0,144 тармаққа, ал әлемдік көрсеткіш 0,148 тармаққа өсті. Бұл ретте Қазақстан бастапқыда-ақ жоғары деңгейді сақтап, кезең соңына қарай орташа өңірлік көрсеткішке қатысты көшбасшылығын нығайта түсті.
Индекстің сәл төмендеуі пандемия кезеңінде байқалды. «Короналық дағдарыс» орын алған 2021 жылы ол 0,816-ға дейін төмендеді. Дегенмен, 2022 жылдың өзінде-ақ бұл көрсеткіш 0,831-ге дейін өсіп, дағдарысқа дейінгі деңгейден асып түсті, ал 2023 жылы қарастырылып отырған кезеңдегі ең жоғары мәнге — 0,837-ге жетті.
Цифрлық трансформация — әрі қарай дамудың басты факторы
Бір қызықты жайтты атап өткен жөн. Біз қарастырып отырған БҰҰДБ баяндамасының тақырыбы ҚР мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірімен тікелей байланысты. Еске сала кетейік: президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойған болатын.
Бұл міндетті жүзеге асыру үшін институционалдық және заңнамалық шаралар белгіленді. Олардың қатарында арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Цифрлық кодексті дайындау, Digital Qazaqstan бірыңғай тұжырымдамасын қалыптастыру, сондай-ақ болашақтың жаңа «ақылды» мегаполисі — Alatau City қаласын тұрғызу бар. Жасанды интеллект мемлекеттік басқару, салықтық әкімшілендіру, денсаулық сақтау, көлік, құрылыс, жер және су ресурстарын басқару салаларына қазірдің өзінде енгізіліп жатыр.
Мұндай тәсіл БҰҰДБ-ның адам дамуы туралы баяндамасының негізгі тезисіне толық сәйкес келеді: жасанды интеллектінің адам дамуына тигізетін әсері институттардың сапасымен, технологиялардың қолжетімділігімен және мемлекеттің бұл технологияларды адам мүмкіндіктерін кеңейтуге бағыттай алу қабілетімен айқындалады. Қазақстан үшін одан әрі цифрландыру, әсіресе, технологиялық өзгерістер білім беруді, денсаулық сақтауды және өмір сүру деңгейін арттырумен қатар жүруі тиіс екенін ескерсек, HDI бойынша жоғары позицияларды сақтап қалудың және жақсартудың басты факторларының біріне айналуы мүмкін.