“Қазақша сөйлегенім үшін полиция шақырды”. Жолаушы Qatar Airways қызметкеріне шағымданды

“Қазақша сөйлегенім үшін полиция шақырды”. Жолаушы Qatar Airways қызметкеріне шағымданды
Фото: qatarairways.com

Қазақстандық жолаушы Qatar Airways компаниясының қызметкерін мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартты деп айыптады. Оның сөзінше, Сиэтлден Алматыға келген кезде балаларына арналған екі бустер тегін тасымалданған. Алайда кері рейске тіркелу барысында әуе компаниясының өкілі сол бустерлерді ұшаққа өткізу үшін 500 доллар төлеуді талап еткен. Жолаушы бұл талаптың себебін қазақ тілінде түсіндіруді сұраған кезде, қызметкер полиция шақырған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын баяндаған Әйгерім Иманбаева 18 маусымда балаларымен бірге Сиэтл – Доха – Алматы бағыты бойынша ұшқан. Оның сөзінше, сол кезде екі баланың бустерін тасымалдауға байланысты ешқандай мәселе туындамаған және қосымша ақы алынбаған.

Алайда 20 тамызда Алматы әуежайынан кері бағыттағы рейске тіркелу кезінде жағдай күрт өзгерген. Жолаушының айтуынша, әуе компаниясының менеджері Илья әр бустер үшін шамамен 250 доллардан, жалпы 500 доллар көлемінде ақы төлеуді талап еткен. Төлем жасалмаған жағдайда заттарды рейске тіркеуден бас тартқан.

Жолаушы бұған дейін дәл осы жүкпен еш кедергісіз ұшқанын айтып, талаптың себебін түсіндіруді сұраған. Алайда компания өкілі нақты негіз келтірмегенін айтады.

"Көмекке келген менеджерге қазақ тілінде сөйлегенімде, ол “орысша” деп, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартты. Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеу – менің заңды құқығым екенін ескерттім", – дейді Әйгерім Иманбаева.

Оның мәлімдеуінше, менеджер жолаушының талабына жауап берудің орнына полиция шақырған. Оқиға орнына келген полиция қызметкері де дауды шеше алмаған. Нәтижесінде әйел өз елінің әуежайында халықаралық компанияның қызметкерімен ағылшын тілінде сөйлесуге мәжбүр болғанын айтады.

Иманбаева қолында өзінің сабырлы әрі мәдениетті сөйлескенін көрсететін бейнежазба бар екенін жеткізді. Соған қарамастан, менеджер оны "тәртіпсіздік танытты" деп айыптаған.

"Қазақстанда ана тілімде қызмет көрсетуді сұрағаным үшін үстімнен полиция шақырылды. Бұл – тұтынушыға құрметсіздік қана емес, тілдік белгісі бойынша кемсіту деп есептеймін", - деді жолаушы.

Компания басшылығы кешірім сұраумен шектелген

Оқиғадан кейін Әйгерім Иманбаева Qatar Airways компаниясына ресми шағым түсірген. Өтініш CAS-921182-M1F1L2 нөмірімен тіркелген.

Әуе компаниясы жолдаған жауап хатта қызметкерлердің әрекеті мен қызмет көрсету сапасына қатысты шағымның қабылданғаны көрсетілген. Qatar Airways барлық жолаушыға ұлты мен этникалық тегіне қарамастан тең қарайтынын мәлімдеп, келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраған.

Сондай-ақ компания жолаушының шағымы жерүсті қызметтері басшылығына жеткізілгенін және қызмет көрсету деңгейін сақтау үшін тиісті шаралар қабылданатынын хабарлаған. Алайда нақты қай қызметкердің әрекеті тексерілетіні және оған қандай шара қолданылатыны айтылмаған.

Жолаушы мұны мәселенің мәніне жауап бермейтін қалыпты үлгідегі хат деп бағалады.

"Олар нақты шара қолданудың орнына, “барлық тұтынушыға бірдей қараймыз” деген мазмұндағы стандартты кешірім жіберді", - дейді ол.

Рейс тоқтатылып, жолаушы қосымша шығынға батқан

Әйгерім Иманбаеваның айтуынша, даудан кейін әуе компаниясы отбасы алдын ала сатып алған рейсті тоқтатқан. Соның салдарынан олар Дохадағы қонақүй ақысын өз қаражатынан төлеуге мәжбүр болған. Компания бұл шығындарды өтемеген.

Осылайша балаларға арналған екі бустерді тіркеуден басталған мәселе жолаушының полициямен бетпе-бет келуіне, рейстен қағылуына және қосымша қаржылай шығынға ұшырауына әкелген.

Әйел Qatar Airways компаниясынан болған жағдайға ресми әрі нақты түсініктеме беруді, менеджердің әрекетіне баға беруді және қызметкерлеріне Қазақстан заңдары мен мемлекеттік тілге құрметпен қарауды үйретуді талап етті.

Айта кетейік, әзірге оқиғаға қатысты әуе компаниясының егжей-тегжейлі түсініктемесі мен Алматы әуежайы полициясының ұстанымы жарияланған жоқ.