«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановпен және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен бірге «Жомарт» кенішіне барды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сапар барысында тараптар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің деңгейін және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту барысын тексерді. Руслан Өскенәлі ауа сапасын бақылауды күшейту, желдету жүйелерінің сенімділігін арттыру, тау-кен массивіне мониторинг жүргізу және жерасты техникасын заманауи қорғаныс кешендерімен жарақтандыру бағытындағы жобаларды таныстырды. Делегация өндірістік учаскелерді аралап, жабдықтар мен бақылау жүйелерінің жұмысымен танысты.
Басты басымдық ауаны үздіксіз бақылауға берілген. Стационарлық газ талдағыштар деректерді бірыңғай диспетчерлік орталыққа онлайн режимде жібереді, ал кеншілер қосымша 130 тасымалы аспапты қолданады. Өздігінен жүретін 62 жерасты техникасына метан деңгейі асып кеткенде жабдықты автоматты түрде өшіретін метан-реле жүйесі орнатылған.
Сонымен қатар желдету жүйесі де жаңартылуда. Негізгі қондырғыларды жөндеу және 600 метрлік жаңа ұңғыманы бұрғылау арқылы таза ауа беру көлемі секундына 200 текше метрге артты.

Қыркүйекте кәсіпорын Korfmann маркалы үш қондырғы мен ВМЭ сериялы алты желдеткіш сатып алды, ал 2026 жылдың соңына дейін тағы үш желдеткіш іске қосылады. Бұл бағытқа салынған инвестиция 306,9 миллион теңгені құрады. Қазбаларды оқшаулап желдету үшін үшінші желдету опаншасының құрылысы да жалғасуда.
Қауіпсіздікке цифрлық технологиялар да белсенді енгізілуде: қызметкерлерді орналасқан жерін анықтау және апаттық хабарлау үшін 58 шақырым кабель төселді. 2026 жылдың шілдесінен бастап жерасты тау жыныстарын бақылайтын бірыңғай цифрлық геомеханикалық жүйе жұмыс істейді. Барлық инженерлік шешімдер бейінді ғылыми ұйымдардың зерттеулеріне сүйенеді.
«Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздікті арттырудың кешенді бағдарламасы 45 іс-шараны қамтиды, оның 40-ы орындалды. Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 2,7 миллиард теңгені құрайды, ал қалған жұмыстар аяқталуға жақын.