«Қазақмыс» шахталарда кеншілердің қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйені сынақтан өткізуде

«Қазақмыс» шахталарда кеншілердің қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйені сынақтан өткізуде
kazakhMys.kz

«Қазақмыс» корпорациясы шахталардағы кеншілердің қауіпсіздігін арттыруға арналған австралиялық Geobotica NanoRadar инновациялық геотехникалық бақылау жүйесін тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компанияның мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – тау-кен қазбаларының тұрақтылығын нақты уақыт режимінде бақылап, кеншілердің өмірі мен техниканың қауіпсіздігіне төнетін қатерді барынша азайту.

Бұған дейін NanoRadar жүйесі Австралия, Канада, Үндістан, Индонезия және Малайзиядағы ірі өндірістік кәсіпорындарда қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Қазіргі уақытта жарықшақтарды анықтау үшін көбіне мерзімді түрде жүргізілетін лазерлік сканерлеу (лидар) пайдаланылады. Ал Geobotica NanoRadar технологиясы адамдар мен техниканың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін аймақтарды үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.

Жүйе әр екі минут сайын тау-кен қазбасының төбесіне, табанына немесе түйісу аймақтарына радиожиілік сигналын жіберіп, тау жынысы бетінің 0,1 миллиметрге дейінгі ең аз өзгерісін жоғары дәлдікпен тіркейді. Осы мәліметтер негізінде деформациялардың цифрлық жылу картасы жасалып, қауіпсіз жасыл аймақтан бастап қауіпті қызыл аймаққа дейінгі өзгерістер көрсетіледі.

NanoRadar екі жұмыс режимінде қолданылады. Бірінші режимде қазбаның жағдайы нақты уақыт режимінде үздіксіз бақыланып, барлық ақпарат оператордың планшеті немесе ноутбугінде көрсетіледі. Егер жүйе тау жынысының опырылуының алдында байқалатын қауіпті өзгерістерді анықтаса, кіріктірілген жарық және дыбыс дабылы автоматты түрде іске қосылып, қызметкерлерді шұғыл эвакуациялауға мүмкіндік береді.

Екінші режим ұзақ мерзімді талдауға арналған. Бұл жағдайда жүйе әртүрлі бақылау нүктелерін кезекпен сканерлеп, деформациялық үдерістердің даму қарқыны туралы статистикалық деректерді жинайды. Осы ақпарат негізінде мамандар қауіпті аймақтарды анықтап, анкерлік бекітпелердің тиімділігін бағалайды және қажет болған жағдайда қосымша бекітпелер орнатылатын орындарды белгілейді.

Компанияның мәліметінше, шағын әрі тасымалдауға ыңғайлы NanoRadar жерасты шахталарының күрделі жағдайына бейімделген. IP67 қорғаныс дәрежесінің арқасында құрылғы шаң мен ылғалға төзімді. Оптикалық жүйелерден айырмашылығы, оның линзаларын үнемі тазалау қажет емес.

Жүйе өз аккумуляторымен бір жұмыс ауысымы бойы автономды жұмыс істей алады. Ал сыртқы аккумуляторға қосылған кезде екі аптаға дейін үздіксіз жұмыс істеп, бекітпе жүйелерін жобалауға қажетті мәліметтерді жинақтайды.

NanoRadar әмбебап жүйе болғандықтан, оны тек жерасты шахталарында ғана емес, 40 метрге дейінгі қашықтықтағы тау-кен қазбаларында, сондай-ақ 120 метрге дейінгі қашықтықта карьерлердің ернеулерін, үйінділер мен бөгеттерді бақылауға да қайта баптауға болады.