Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен бастаған делегация «Қазақмыс» Тобының өңірдегі негізгі өндірістік, салынып жатқан және әлеуметтік нысандарын аралады. Өңір басшысымен бірге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен компанияның бейінді бағыттарының басшылары жүрді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сапардың алғашқы өндірістік нысаны Батыс Жезқазған кенішінің №67 шахтасы болды. Мұнда облыс әкіміне кен өндіру технологиясы, заманауи жерасты техникасының жұмысы және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттары таныстырылды. Бұдан кейін делегация «Қазақмыс Барлау» ЖШС-ның бұрғылау алаңына барды. Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржанов өңірдің минералдық-шикізат қорын толықтыруға бағытталған және 50 мың қума метрден астам бұрғылауды көздейтін геологиялық барлау бағдарламасы туралы баяндады.

Сонымен қатар өңір басшысы Сәтбаев қалалық ауруханасы жанынан салынып жатқан жаңа травматологиялық пункттің құрылысымен танысты. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сәтбаевта делегация, сондай-ақ, жөнделіп жатқан Кенші даңқы алаңын аралап, «Ұлытау университетімен» бірлесіп тау-кен саласына маман даярлайтын геологиялық кластер жобасын көрді.
Оған қоса, әкімге NAMYS спорт кешені базасында ашылатын балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының жобасы таныстырылды. Құны 8,1 млрд теңге болатын бұл кешен 150–200 тәрбиеленушіге арналған және 2026 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Сапар соңында өңір басшысы 4,9 млрд теңгеге қайта жаңғыртылып жатқан «Жастар» саябағына барды. Серуендеу және велосипед жолдары, субұрқақ пен балалар алаңы бар бұл демалыс орнын абаттандыру 2026 жылдың қазан айында аяқталады.
Сапар қорытындысында тараптар Ұлытау облысында өнеркәсіп, геология, әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін растады.