Қазақмыс әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге инвестиция құяды

Қазақмыс әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге инвестиция құяды
KazakhMys.kz

«Қазақмыс» корпорациясы өндірістік кәсіпорындардағы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаны іске қосты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компания әкімшілік-тұрмыстық корпустарды, медициналық пункттерді, жатақханаларды, асханаларды және басқа да нысандарды жөндеуге 2,44 млрд теңге бөлді.

Жаңғырту бағдарламасы Жезқазған, Балқаш, Қарағанды және Шатыркөл өндірістік кешендерін қамтиды. Жалпы алғанда, қызметкерлер күнделікті пайдаланатын 80-нен астам әлеуметтік-тұрмыстық нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді.

Компания мәліметінше, қазіргі уақытта барлық өндірістік алаңдарда дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Оның аясында мердігер ұйымдар анықталып, құрылыс материалдары жеткізіліп, нысандар жөндеу жұмыстарына әзірленіп жатыр.

Q.I. Satbayev atyndagy Jezqazgan Tau-ken óndirisi кешенінде 38 нысанды жаңарту жоспарланған. Қазірдің өзінде Жезқазған байыту фабрикасының медициналық пунктінде және МЭЖБ әкімшілік-тұрмыстық корпусында жөндеу жұмыстары басталды.

Balkhash Tau-ken óndirisi өндірістік кешенінде жөндеу МЖМБ әкімшілік-тұрмыстық корпусында және Саяқ кенішінің асханасында жүргізіледі.

Nurqazgan Tau-ken óndirisi алаңында Нұрқазған кенішінің әкімшілік-тұрмыстық корпусы жаңартылып жатыр.

Ал Qaragayly Tau-ken óndirisi кешенінде Абыз және Қажықонған кеніштері мен Қарағайлы байыту фабрикасында жөндеу жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде. Shatyrkol-Jaysan Tau-ken óndirisi өндірістік алаңында да мамандар мен қажетті техника жұмылдырылып жатыр.

Компанияның мәліметінше, барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

«Қазақмыс» әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды дамыту өндірістік қауіпсіздікті күшейтудің, қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың және жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттырудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Компания осы мақсатта еңбек жағдайын жақсартуға тұрақты түрде инвестиция салып келеді.