«Қазақмыс» олигархтар пайдасы үшін ұлттық экономикаға зиянын тигізуде - Перуашев

Көркем Алдабергенова 05 нау. 2025 17:22 445

"Ақ жол" партиясы сирек жер металдарын игеруде ұлттық мүддені қорғау керегін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанда сирек жер металдарының, оның ішінде жоғары технологиялық өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар лантан, церий, иттрий және басқалардың айтарлықтай қоры бар.

Сирек жер металдары жаһандық экономикадағы «жаңа мұнайға» айналып, олардың болуы әлемдегі күштер тепе-теңдігіне әсер етуін арттыруда. Бұл ресурстарды бақылау үшін күрес күшейіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, сирек жер металдарына әлемдік мұқтаждық жылдан-жылға ұлғайып, олардың кейбіріне деген сұраныс таяу жылдары 40 есеге дейін артуы мүмкін;  2030 жылға қарай бұл нарық жылына 10 миллиард доллардан асады деп болжануда.

Еліміздің басшылығы бұл ресурстардың маңыздылығын жоғары бағалайды.  Мәселен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев: «Біздің еліміздің сирек және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеудің әлеуеті зор, бұған әлемде сұраныс артып келеді.  Бұл шетелдік инвесторларға да, отандық бизнеске де назар аудара отырып, осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз керек дегенді білдіреді».

Бұл бұйрықтың өзектілігін отандық ірі жер қойнауын пайдаланушыларының сирек жер ресурстарына деген адал емес, тіпті күдікті әрекеттері туралы баспасөздегі хабарлар да көрсетеді.

Атап айтсақ, әлеуметтік желіде «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы лаборанты Бақыт Әділованың аталмыш Корпорацияның химиялық сараптама жүргізбестен, құрамында бағалы және сирек жер металдары бар кен мен мыс концентратын шығарып жатқандығы жөніндегі ақпараты тарады.

Оның пікірінше, сол арқылы компания оның құнын жасанды түрде төмендетіп, олигархтар пайдасы үшін ұлттық экономикаға зиянын тигізуде.

Геология саласының тағы бір сарапшысы кен және концентраттар экспортына зертханалық талдау жасамай-ақ, тау-кен алпауыттары ондаған жылдар бойы бағалы және сирек жер металдарының шетелдік өндірісі үшін шикізатты сыртқа шығарып келгенін айтты (аталған басылымдарға сілтемелер қоса берілген).

Соның салдарынан құны жыл сайын артып келе жатқан бұл ресурстарды бақылаусыз сыртқа шығарудан Қазақстанға келген шығынды есептеу де мүмкін емес.

Жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі екендігін нақтылаған Конституцияның жаңа редакциясын ескерсек, бұл жағдайдың сұрақтар туғызуы әділетті.

Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы талап қойды:

1. Тау-кен өндіруші компаниялар Қазақстаннан шетелге шығаратын кен мен концентраттарды талдауға қойылатын талаптардың жоқтығы туралы ақпаратты растау немесе жоққа шығару;

2. Аталған мәдіметтер шындыққа сәйкес келмейтін болса, компаниялар мен саланың беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа шағымдану;

3. Кендер мен концентраттардың химиялық құрамын талдаусыз сыртқа шығару фактісі расталған жағдайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеп-тексеру амалдарын жүргізу, кінәлілерді анықтап,  жауапкершілікке тарту және келтірілген зиянды өтеу шараларын қолдану;

4. Құрамында сирек жер және бағалы металдар бар минералды шикізат экспортына кедендік бақылауды күшейту, қажет болған жағдайда бақылау жүйесін мамандандырылған зертханалармен жабдықтау.

5. Президенттің елімізде сирек кездесетін металдарды заңды түрде өндіру және өңдеу туралы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету.

Е. Бейсенбаев


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар