«Қазақ хандығының көрнекті тұлғалары» атты дөңгелек үстел өтті

Dalanews 16 қыр. 2019 06:16 880

 Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ хандығының көрнекті тұлғалары» атты дөңгелек үстел болып өтті.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын өзекті қылу, таңдаудың ғылыми-негізді талаптарын қалыптастыру және ақпараттық қолдау жөніндегі талдамалық зерттеу» жобасы аясында өткізілген іс-шараны Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесе отырып ұйымдастырды.



Іс-шараға кәсіби тарихшылар, көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, магистранттар мен студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы – Қ.А. Ясауи ат. Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, т.ғ.д., профессор – Тұрсын Хазіретәлі болды.


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері С.Қ.Шілдебай мен Ф.Р.Лебаев жиынға қатысушыларды «Ұлы даланың ұлы есімдері» ғылыми жобасымен таныстырып, оның мақсаты мен міндеттері жөнінде баяндап берді.



Бұл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмасын орындау мақсатында дүниеге келгенін айтып жеткізді. «Тұлғаландыру сипатына ие болған» отан тарихын шынайы түрде талдау мақсатында біртуар қайраткерлердің мемлекеттілікке, елдің ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесін зерттеу өзекті болып табылады. Жобаның мақсаты, оның міндеттері, жүзеге асыру үдерісі және күтілетін нәтижесі туралы ақпарат берілді.

Жиынға қатысқан дінтанушы-ғалым Зікірия Жандарбек қазақ хандығы билік жүйесіндегі өзгерістер туралы сөз қозғады. Философ Досай Кенжетай тарихты жазу үшін тарихи сана, тарихи таным, тарихи тәжірибені анықтау, оны түсіну және пайдалану керектігін баса айтты.


Мұхтар Қожа Ұлы есімдер жобасын археологиялық көзқарас тұрғысынан қарастырды. Қазақ хандарының көбісі оңтүстікте жатқанын, бірқатарын зерттегенін, әлі де зерттеуді талап ететіндігін айтты. Оралдан келген Сүлейменов Сайлау Хамитұлы «Жәңгір хан – реформатор» атты тақырыпта баяндама жасап, жаңа көзқараста зерттеудің қажеттілігін атап өтті. Профессор Дәметкен Сүлейменова Батыс Алашорда туралы тың мәліметтер келтіріп, ХҚТУ кітапханасына бірқатар кітаптар сыйға тартты.



Студенттер қызығушылықтары оянып, сонымен қатар сұрақтарын қойып, ғалымдармен пікір алмасты. Соңы пікірталасқа ұласқан дөңгелек үстел жоғары деңгейде өтті.

Ұлы тұлғалар – өздерінің мәдени-ғылыми, рухани-әлеуметтік басымдылықтары арқылы тарихтың  сан алуан белестерінде ел мен жердің қажеттіліктерін анағұрлым толық қанағаттандырып, оның дамуына айтарлықтай үлес қосқан, атқарған қызметі өз өлкесінің аясынан шығып, әртүрлі тарихи дәуірлер мен кезеңдерде бүкіл қазақ даласына танымал болған адамдар. Соның ішінде қазақ хандығының көрнекті тұлғаларын дәріптеу, насихаттау зор идеологиялық және тәрбиелеу маңызына ие, өскелең ұрпақты отан сүю және жоғары деңгейлі мәдениетке баулуға ықпал етеді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларын орындау аясында  Атақты қазақ хандары мен сұлтандары, батырлар мен билері еліміздің символы әрі мақтанышы, оның мұраты әрі өнегесі болып табылады.

Дөңгелек үстелдің түбі бір түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласында өтуі де заңдылықтың бір белгісі.

 

ЛЕБАЕВ Фархат Рашидұлы


Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының


Тарихи демография және ҚХА бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторант


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар