Қазақстанда тұруға ықтиярхат алғысы келетін шетел азаматтарына қойылатын талап күшеюі мүмкін. Енді олар қазақ тілін белгілі бір деңгейде меңгергенін дәлелдеуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, елде тұрақты тұруға ниетті шетел азаматтары қазақ тілін кемінде B2 деңгейінде білуі керек. Бұл талап тұруға ықтиярхат алу рәсімінің міндетті шарттарының біріне айналуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде кейбір шетел азаматтары осы талапқа байланысты ҚАЗТЕСТ емтиханын тапсырып жатқанын айтып, нәтижелерін жариялай бастаған.
Желі қолданушылары мұны Қазақстанның көші-қон саясаты мен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы қадам ретінде бағалап жатыр.
Министрлік қандай мәлімдеме жасады?
Айта кетейік, күні кеше Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ықтиярхат алу үшін шетелдіктерге жаңа ережелер енгізілетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жаңа өзгерістер 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады.
Министрдің сөзінше, енді Қазақстанға келетін шетелдіктерге қойылатын талаптар нақтыланып, іріктеу тәртібі қатаңдай түседі. Соның ішінде елде тұрақты тұруға ниетті азаматтар мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде меңгергенін растауы қажет.
"Бұл – халықаралық тәжірибеде бар қалыпты талап. Көптеген мемлекетте тұруға рұқсат алу үшін сол елдің тілін білу міндеттеледі", - деді Аида Балаева.
Сондай-ақ 2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда мигранттарды бағалаудың жаңа жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе бойынша шетел азаматтары қазақ тілінен тест тапсырып, арнайы сауалнамадан өтеді, мемлекеттік органдар тексерісінен кейін әңгімелесуге шақырылады.
Министрдің айтуынша, бұл шаралар көші-қон саласындағы ашықтықты арттырып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
"Біз үшін ең бастысы – Қазақстан азаматтарының мүддесі. Сондықтан шетелдік жұмыс күші тек елде маман жетіспеген жағдайда ғана тартылады", - деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, этникалық қазақтарға арналған талаптар да қарастырылған. Мемлекеттік қолдау алу үшін қандастар арнайы мәртебе рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы тиіс.
Жалпы, жаңа көші-қон саясаты елдегі тәртіпті күшейтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және көші-қон үдерісін тиімді басқаруға бағытталған. Басты талап – заң бәріне бірдей ортақ болуы тиіс.
