Қазақ пен өзбекті тіліміз бен салт-дәстүрлеріміз біріктіреді

Dalanews 27 қыр. 2021 18:25 2042

Шымкент қаласындағы Өзбек драма театрында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов қаладағы өзбек этносының зиялы қауым өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Қазақ пен өзбек халқын ортақ тарихи тамырластықпен қатар, мәдени-рухани құндылықтардың, тіліміз бен салт-дәстүрлеріміздің ұқсастығы біріктіреді. Ал қазақстандық өзбектер – Қазақстан халқының ажырамас бөлігі, еліміздің тең құқықты азаматтары» деп атап өтті М.Әзілханов.

Ауылы аралас, қойы қоралас екі бауырлас халықтың тарихи тамырластығы және тілдері мен мәдениеттерінің жақындығы – елдегі тұрақтылықты сақтау мен біртұтас азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды факторы.

Шымкентте тұратын өзбек этносының өкілдері қала халқының 17,5 пайызын құрайды. Қалада өзбек тілінде оқытатын төрт мектеп, 32 аралас мектеп бар.



Шымкент қаласында Өзбек драма театры жұмыс істейді. Бұл – Өзбекстаннан тыс жерде ашылған әлемдегі жалғыз өзбек драма театры. Театр өзбек мәдениетінің дамуына ғана емес, жалпы қазақстандық бірегейліктің нығаюына да өз үлесін қосуда. 18 жыл ішінде театрда 100-ден астам қойылым сахналанды, олардың қатарында М.Әуезовтің «Абай», Ш. Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», А. Оразбековтың «Жалғыз алма ағашы», С. Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» шығармалары бар.

ҚХА Төрағасының орынбасары Шымкент қаласы тұрғындарының қазақстандық азаматтық бірегейлігін нығайту, этносаралық өзара іс-қимылдың кең коммуникациялық алаңдарын қалыптастыру бағытында нысаналы және бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Қазақстандық өзбектер Өзбек этномәдени орталықтарының «Дустлик» қауымдастығына біріктірілгенін атап өткен жөн. Ол Қазақстанның облыстары мен қалаларының этномәдени орталықтарын біріктіреді. Елдегі өзбек этномәдени бірлестіктерінің саны 35-ке жетті.

«Дустлик» қауымдастығы өзбек этносының өкілдерін қазақстандық қоғамға біріктірудегі, оларды Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту процесіне тарту жөніндегі миссияны жоғары деңгейде орындап келеді, Қазақстанның көпэтносты халқының құрылымында өзбек этносының  айрықша орнын қамтамасыз етеді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар