Саяси кеңістік пен саяси уақыт тарихи аренаға қашанда жаңа тұлғаларды шығаратыны белгілі. Олардың қалыптасып, түзілуі сол кезеңдегі қоғамдық қатынастардың ішкі талаптары мен халықтың саяси-демократиялық және әлеуметтік-экономикалық мұрат-мүдделері мен ұмтылыс-мақсаттарына байланысты. Осындай сабақтастықтан ХХ ғасырдың соңғы он жылдығындағы Қазақстанның саяси тарихы соны өзгерістерден, саяси сахы- наға жаңа тұлғалардың келуінен кенде болған жоқ.
Сондай кезеңде саяси аренаға ерекше тегеурінімен, өзіндік бағдар-ұстанымымен жұлқына шыққан саясаткерлердің бірі әрі ерекше тұрпаттысы, терең біліктісі Марат Тұрдыбекұлы Оспанов еді. Мәкеңнің көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа аяқ басар еді. Бірақ сұм ажал аптал азаматты арамыздан тым ерте алып кетті.
Сөз жоқ. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті мен оның басты заң шығарушы органы Парламенттің толысып, қалыптасуында Марат Оспановтың еңбегі зор. Кезінде үзеңгілес әріптесі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Марат Оспановтың мемлекеттік және қоғамдық жұмысы елі мен халқына қызмет етудің үлгісі болып табылады» деп бағалады.
Марат Оспановтың интеллектуалдық деңгейін, саясаткерлік алымын, адамгершілік қасиеттерін, демократ, парламентші ретіндегі көзқарастарын тереңнен білетін, пікір таласымен де, пікір бірлігімен бір-бірінің қадір-қасиетін әділетті сезінген көрнекті жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев өзінің талантты әріптесі, рухани інісінің келбеті туралы былай толғанған болаты: «Ол расында да, біздің тұсымыздағы саясат аспанының ең жарық жұлдыздарының бірі боп шырқау биікке көтерілді. Талантының, табандылығының, білімділігі мен күрескерлік өткірлігінің арқасында көтерілді» деп мемлектшіл тұлағаға әділ бағасын берген болатын.
Оның саясаткер, мемлекет қайраткері ретіндегі сан-салалы қызметін саяси тарихымыз әлі де бағалайды. Саясаткердің саяси келбетін ашу – ғылым әрі өнер. Әсіресе саяси Олимптің биігіне шыққан, Марат Оспанов тұрпаттас кең танымал, көп қырлы саясаткер туралы жазу күрделі де жауапты іс.
Саясаткердің саяси келбетін ашуда саясаттану ғылым мынадай негізгі типтерді ұсынады: саяси-идеологиялық (саяси-дүниетанымдық) келбет, саяси-психологиялық келбет, тарихи келбет; саяси өмірбаян.
Марат Оспановта өз уақытының перзенті. Тарихи келбеті мен саяси өмірбаяны сол кезеңдегі көптеген замандастарына ұқсас, бірақ өзгешелігі де аз емес.
Марат оспанов өзінің ең алғашқы еңбек жолында пионер, комсомол ұйымдары аясында алғашқы саяси сабақтар алғанын білеміз. СОКП-ның қатал да жүйелі ұйымдық және идеологиялық мектебінде сыннан өтті. Оның негізі болып табылатын ірі бастауыш ұйымын басқарып, ұжымның тағдыры мен әлеуметтік жағдайына, ондағы психологиялық-адамгершілік ахуалға, тәртібіне, жастардың болашағына, кадрлардың сапасына жауап беру жауапкершілігін мойнына алды.
Саяси-идеологиялық ұйымның беделі мен абыройы көп ретте оның лидеріне, оның ұстанымы мен интеллектуалдық деңгейіне байланысты. Бұл ретте Ақтөбе медициналық академиясы профессор-оқытушылар ұжымының ұрпақтар алдында мақтануына болады. Олардың саяси лидері – Марат Оспанов 90-жылдардың басында саясат сахнасына шыққан қайраткерлердің қатарындағы, әділетін айтсақ, ең бір интеллектісі, демократтығы, ішкі және сыртқы мәдениеті бір тұтас, табиғи үйлескен тұлға еді.
Ал Марат Оспановтың саяси жолының, өмірбаянының басқалардан өзгешілігі неде? Ең алдымен ол Мәскеудегі сол кездегі ең бір элиталық оқу орны Г.В. Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын бітіріп, экономикалық ғылымнан, іргелі білім алуы, жалпы терең гуманитарлық, жалпы философиялық білім алуында.
Еркін, өзгеше ойлау, дүниеге, әр құбылысқа, сыншыл философия көзімен қарау, шынайы интеллигенттік пен тазалықтың, принципшілдіктің тамаша мектебінен өтуі. Мәскеу оқу орындарына тән озық ойдан, рухани тәуелсіздіктен тағлым алып, бойына еркін сіңіруі еді. Осы тұрғыдан Марат Оспанов экономикалық теория саласында, әсіресе, салық теориясы мен практикасында, мемлекеттік экономикалық саясаттың түбегейлі мәселесінде өз оппоненттерінен көш ілгері тұрды.
Марат Оспановтың саяси өмірбаянындағы тағы бір ерекшелік – оның әр мәселеде өз жолымен жүруі, басқаларды қайталаудан бойын аулақ салып, таптауырын болған жолдар мен әдістерден аулақ болуға тырысуы, қай істе де соны бағыттар мен бастауларға ұмтылысын ерекше атап айтуға болады.
Ол әрбір істе өзінің қолтаңбасын, өз пікірі мен ойын, өзінің жан азабымен келген жолдар мен бағыттарды тауып отыратын.
Үлкен саясатқа келуі де ерекше. Елге көп үміт пен күдік әкелген, әлемге де, КСРО-да жан бітіріп, қозғалысқа келтіріп, бүкіл әлемдік саясат пен идеологияға, адамдар көзқарасына қан жүгірткен 1985 жылдың сәуірінде жарияланған жаңаша ойлау мен қайта құру еліміз интеллигенциясын, әсіресе оның еркін ойлайтын, елдің даму жолын болжамдап, бағамдаған жас қанатын жан тыныштығынан айырды. Олар ел тағдырын, ұлт қамын ойлады. Олар жаңару, қайта құру мен демократияға қатты сенді.
Иә, Марат Оспановта қайта құру, жаңару үдерістерін төл ісім деп танып, оған тікелей араласуды өзінің азаматтық борышы деп түсінді. Оның саяси қызметінің, дүние танымы мен ұстанымдарының жаңа кезеңі басталды. Абай данышпан айтқандай «Сөз түзелді, сөйлеуші сенде түзел!» дейтін заман келді. Ту ұстап, тұлпар мінгісі келгендер қатары Қазақстанның әр аймағынан шықты. Олар ондаған, жүздеген клубтар, қоғамдар, бірлестіктер құрды. Саяси ахуал қыза түсті...
Мәкең бұл кезеңде де өз жөнімен жүрді. Мына бір жағдайды да айту керек. СОКП жаңа саясатына байланысты өзінің Орталық және жергілікті басшылық аппаратына жаңа, тың кадрларды іріктеп, тарта бастады. Партия, әсіресе, аналитикалық ойлау қабілеті дағдысы бар, ғылыми атағы бар жас кадрларға мейлінше зәру болатын. Партия ұйымдарында, конференцияларда баламалы сайлаулар өтіп, аудандық, қалалық, тіпті облыстық партия комитеттері хатшылары қатарында осындай демократиялық жолмен келген кадрлар Қазақстанда да баршылық еді. Партия саясатының арнасында жүрсе Мәкеңнің алдынан да біраз мүмкіндік ашылар еді. Бірақ ол өз жолымен, соқтықпалы, соқпақты тар жол, тайғақ асулармен кетті...
Бәрі Марат Оспановтың 1989 жылғы КСРО Халық депутаттарын сайлау қарсаңындағы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Ақтөбе облыстық комитетінің бірінші хатшысы Юрий Трофимовке 1989 жылы 17 мартта жол- даған хатынан басталған еді. Әдетте, көптеген зерттеушілер бұл хатта негізгі мәселе азық-түлік төңірегіндегі ахуал деп есептейді. Ал біздің қолымыздағы «Марат Оспанов қоры» арқылы тиген хаттың мазмұнына нақты әрі тереңірек үңілсек онда көтерілген мәселелер әлдеқайда маңызды екенін байқауға болады. Хатта саяси, демократиялық мәселелер нақты әрі өткір қамтылған. Автор обкомның басшысына: «Менің жолдауым ең соңғы инстанциядағы ақиқат болуға дәмелі емес, бірақ ол сізге облысымыздың қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінің маңызды бағыттарындағы ахауалды объективтендіруге көмектесетініне сенімдімін» деп, өз жолдауының негізгі лейтмотивін нақты айтқан.
Шындығында 1989 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайлау кеңестік қоғамды дүр сілкінтті. Кеңес Одағының батыс аймағында сайлау баламалық негізде өтіп, халық тұңғыш рет өз күшіне сенді. РСФСР құрамындағы 40-қа жуық облыстардың бірінші басшылары сайланды.
Саяси биліктің басында қалт-құлт етіп отырған, алайда әккі, тіс қаққан жырынды функционер, сіріжанды Геннадий Колбин бұл ахуалдың өзі үшін соңғы тұяқ серпер екенін сезгендей, республикадағы бүкіл саяси-идеологиялық ахуалды партиялық аппараттың тезімен өз қарауында ұстауға жанталасты. Ақтөбе облысындағы жағдай да сондай еді. Ол кезде облыстық партия комитетінің қолындағы билік ұшан-теңіз болатын. Мұны Марат Оспанов дұрыс пайымдаған. Сондықтан ол өз хатында «облыс тіршілігінің жағдайы көп ретте бірінші хатшының жеке басына, оның біліктілігі деңгейіне, қазіргі заманғы категориялармен ойлау қабілетіне тың идеялар мен жаңаша әдістердің генераторы бола білуіне, түптеп келгенде, объективтілігі мен адамгершілігіне тікелей байланысты» деп тура атап көрсеткен.
Марат Оспанов ең алдымен экономист. Ол үшін экономикалық саясаттың түпкі нәтижесі және басты көрсеткіші – халықтың әлеуметтік жағдайы, әр отбасының дастарқанының тоқшылығы. Сондықтан хат авторы енді мәселені нақты арнаға облыстағы аграрлық сектордағы ахуалға бұрады. Ол облыс басшысының ұзақ жылдар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы ретінде ауыл шаруашылығы саласын бірнеше жылдар басқарғанын есіне сала отырып, тоқырау жылдарындағы осы саладағы қордаланған мәселелер негізінде өзінің ендігі арада оның облыстың ауыл шаруа- шылығын құлдыраудан алып шығуына күмәні барлығын да тура жариялайды.
Хатта одан кейін облыс халқын, әсіресе, Ақтөбе қаласын азық-түлікпен қамтмасыз етудегі өрескел олқылықтар, денсаулық сақтау мекемелері мен оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайындағы ахуал, жоғарғы оқу орындарын тұрғын үймен қамтамасыз етудегі жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерге облыс басшысының назары аударылған.
Марат Оспановтың хатында облыс, басқа деңгейдегі басшылар үшін күні бүгінде, келешекте де маңызды мынадай қорытынды бар: «Адамдардың өз үміттерін, өз аңсарларын әркез нақты басшымен байланыстыруы қашанда әділетті. Бұдан ешқайда кете алмайсың. Олар (адамдар) технологиялық немесе экономикалық нәзік мәселелерге терең мән беріп жатпайды және істің жайын тұрмыстық сана деңгейінен және өз дастарқанына қосылған дәммен бағалайды». Елдегі күні бүгінгі ахуал үшін де маңызды қорытынды.
Облысты, қаланы, ауданды кім басқарсын, ол қандай жоспарлар жасап, тамаша демократ, керемет жария қайраткер, құқықты қорғаушы болсын, бірақ әр аймақтағы адамдардың қолы күнделікті қарапайым дастарқан молшылығына жетіспесе – еш саясат халық тарапынан қолдау таппайды. Халық дөп айтқан ғой: «Ораза намаз – тоқтықта» деп.
Хатты талдаудан шығатын басты қорытынды – оның авторының қоғамдық қатынастардың табиғатын жақсы білетіндігі, партия басшылығындағы кадрлардың заман ағысын, жаңа уақыттың талабын сезбегендігін тура, батыл айтуы, бүкіл қоғамдағыдай, оның әр аймақтарында да демократия мен жариялылық рухына сай тың өзгерістер мен батыл қадамдардың қажеттігін бүкіл болмыс-танымымен сезген жаңа тұрпатты бір саясаткердің пісіп- жетілгендігі.
Бұл хаттан кейін М.Оспановқа бүкіл көзқарастың өзгергендігі – белгілі мәселе. Біраз қысым да көре бастады. Ол облыстың саяси тіршілігінің бел ортасында тұрды. Біреулер оның батыл пікіріне қолдау білдіріп, оның төңірегіне топтасты.
Осындай саяси күрестің нәтижесінде Марат Оспанов 1990 жылғы он екінші сайланған Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, елдің саяси өміріндегі беделді тұлғалардың біріне айналды.
Ақтөбеден келгенмен «аймақтан келдім, әліптің артын байқайын» деген мәймөңке психологиядан бойын әуелден аулақ салды. Саяси үдерістердің қызуы көтеріліп, кенересінен тасып, буырқанып, қоғамдық өмірдің, ұлттық намыстың небір күрделі мәселелерін күн тәртібіне шығарып, талқылап жатқан сол кездегі астана Алматыдағы саясат «майданына» бірден араласты. Жалтақтамай, кібіртіктемей, бел шешіп, білек түре, белсене кірісті.
Ойы да, тегеурінді іс-қимылы да көбінен биік тұрды. Саясат сахнасына тағы бір марқасқа, білімі мен біліктілігі мол, кең алымды, планетарлық ойлау жүйесі бар саясаткердің келгендігі бірден көрінді. Оның үлкен саясаттағы онжылдық іс-әрекеті, қимылы, пайым парасаты осыны дәлелдеді. Осы он жылғы күрделі де қайшылықты саясаттағы, не бір жан алысып, жан беріскен кезеңдегі Марат Оспановтың саяси келбеті қандай? Ол бізге несімен тағылымды және құнды?
Ең алдымен экономист-теоретик болып табылатын Марат Оспанов саясаткер ретінде өзінің кемел, жан-жақты терең теориялық білімімен, әсіресе қоғам дамуының экономикалық-әлеуметтік дамуының күрделі заңдылықтары мен категорияларын білуімен ерекшеленді.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басы Қазақстанның мемлекеттік, саяси дамуында өтпелі қоғам кезеңіне ауысып, ел болашағын, әсіресе, оның экономикалық-әлеуметтік дамуын бағдарлауда мүлдем жаңа міндеттер тұрды. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономика құндылықтары мен категорияларына, басқару әдістеріне ауысу, жекеменшік пен бизнестің дамуына кең өріс ашу ел шаруашылығы дамуының негізгі бағытына айналды. Іргелі теориялық білімі бар Марат Оспанов XII сайланған Жоғарғы Кеңестің осы саладағы басты теоретиктерінің, оның заңнамалық негізін қалаушылардың біріне айналды.
Оның «Парламент демократияның негізгі тірегі» деген тұжырымы оның қоғам өміріндегі парламенттің орны туралы принципті ұстанымы еді. Ол Парламентті еліміздің бүкіл тіршілігін реттейтін сапалы заңдарды шығарудың беделді орталығына айналдыруды өзінің депутаттық, спикерлік қызметінің басты мақсаты және мәні деп түсінді.
Оның парламент, парламентаризм институты туралы тамаша ойлары, пікірлері, бастамалары өте көп еді. Ол 1995 жылғы Конституцияға сәйкес елде президенттік басқару нысаны енгізгеннен кейін де парламент, парламентаризм институты беделін сақтау, нығайту ісінде бір қарағанда көзге көрінбейтін көп жұмыс тындырған спикер десем ақиқаттан алыстамаған болар едік. Марат Оспанов есімі халық жадында парламент палаталарының ең беделді төрағасы ретінде сақталып қалды. Ол Қазақстан Үкіметі басшыларының да білгір де әділ оппоненті бола білді.
Марат Оспановтың Мәжіліс спикері ретіндегі басты қасиеті – Парламентті демократия мен жариялылықтың елдегі басты тірегі мен үлгісі деп түсініп, заң шығару үрді мен сол кезеңдегі ел дамуындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды талқылау кезінде кең де ашық пікір таласын қамтамасыз етіп, бірі-біріне қарама-қарсы пікірлердің айтылып, тыңдалып, талқы тезіне түсуіне жағдай жасап, бағыттап отырды.
Мәжіліс Төрағасы заң шығару үрдісіндегі, әр жылғы республикалық бюджетті бекіту мен орындалу есебі жөніндегі Парламенттің басты әріптесі Үкіметпен арақатынастың принципті, жоғары талапкершілік жағдайында болуына жетісті. Бұл мәселелерде Марат Оспанов әркез биікте болды, сарабдал саясаткер-стратег ретінде көрінді. Сол күрделі тарихи кезеңдегі елдегі шетін әлеуметтік-экономикалық ахуалды нақты бағалауда, ондағы қордаланған проблемаларды шешудің макроэкономикалық жолдарын, оның заңнамалық негіздерін нығайтуда қандай заңдардың басымдығы мен қажеттігін білуі, жалпы интеллектуалдық деңгейі жөнінен Марат Тұрдыбекұлы, біздің пікірімізше, Үкімет басшысы мен оның орынбасарларынан көш ілгері жоғары тұрды. Мұны сол уақыттағы Үкімет мүшелері де мойындады.
Марат Оспанов басқарған Мәжіліспен әріптестік сол кездегі Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет үшін нағыз саяси сын мектебі болды. Өз спикерінің үлгісімен депутаттарда сол Үкіметтің алдына үлкен талаптар қоя білді. Оның үстіне, макроэкономикалық мәселелерді шешу турасында Мәжіліс Төрағасының дербес, баламалы бағдарламасының болуы Нұрлан Балғымбаев кабинетіндегі, әсіресе, экономикалық-қаржы блогындағы кадрлардың ісіне ерекше талап ахуалын тудырып, олардың парламентшілер пікірімен үнемі есептесуіне зор ықпал ететін.
Марат Оспановтың сұңғыла саясаткерлік, харизмалық үздік қасиеттері мыңдаған сайлаушының көңіл-күйін, талғамын дәл тапқан талғампаздығы, мәмлегерлік шеберлігі аса тартысты өткен 1999 жылдың күзіндегі парламенттік сайлауда жарқырай көрінді. Партиялық тізіммен алғаш рет өткен сайлауда ең көп дауысқа ие болған «Отан» партиясы бұл сайлаудағы табысы үшін көп ретте Оспановтың харизмалық беделіне, интеллектуалдық әлеуеті, сайлау науқанында алуан әдістер мен амалдарды біліктілікпен, икемді де үйлесімді пайдалана білуіне, елдің әлеуметтік-экономикалық және демократиялық даму, бұл үдерістердегі парламент институты, депутаттар корпусының орны туралы сындарлы көзқарасы мен позициясына байланысты да болды десек тарихи ақиқатқа қайшы келмес.
Біздің байқағанымыз Марат Оспанов әуеліде «Отан» партиясына соншалықты іш тарта қойған жоқ. Бірде мен ол кісінің кабинетіне арнайы кіріп, «Отан» партиясы туралы пікірін біліп, келешекте осы партияға кіру-кірмеу мәселесі турасында ойын сұрадым. Ол маған: «Қайдағы «Отан»? Оның төрағасы міндетін атқарушы Терещенко шет елден кредитке алынған төрт миллиард мөлшеріндегі АҚШ долларының қайда кеткені үшін халық алдында жауап беруі керек!» деген еді. Оның бұндай көңіл-күйде болғанын белгілі саясаткер, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев та бекітіп, 1999 жылғы сайлау алдындағы ахуал туралы кезінде «Время» газетінде былай деп жазды: «Ол кезде біздің алдымызда Парламент сайлауына президенттік бағыттағы партияны дайындау міндеті тұрды. Біз ол кезде Терещенконың бастауымен бұл партияның, әсіресе, ашық, таза парламенттік сайлауда жеңіске жете алмайтынын түсіндік. Сол уақытта бір жағынан партиялық тізімді бастайтын, екінші жағынан сайлаушылардың үлкен сеніміне ие әлеуетті жеке тұлға қажет болды. Және біз Марат Тажин екеуіміз (ол кезде Президент Әкім- шілігі басшысының орынбасары) Марат Тұрдыбекұлына келіп, оның «Отанның» лидері болуын сұрадық. Ол ұзақ уақыт келіспеді. Алайда біз оған былай дедік: біздікі қайткен күнде «Отанның» абыройын сақтау жөніндегі конъюктуралық әрекет емес мәселе әлдеқайда күрделірек. Елде бір дұрыс партия құрылуы қажет. Бұл сөздерден кейін ол келісімін берді».
Марат Оспанов артында үлкен ғылыми-публицистикалық мұра қалдырды. Ол дүниелер саясаткердің рухани-идеологиялық келбетін ашуға мүмкіндік береді. Оның экономист-ғалым ретін дегі елдің даму болашағына, 1998-1999 жылдардағы экономикалық дағдарыстан шығу, экономиканы сауықтыру жөніндегі тың идеялары «Тұрақтандырудан өсуге қарай (1999- 2005 жылдарға арналған экономикалық бағдарлама)» Бағдарламасында жинақталды. Оны өз атынан Президент пен Үкіметке ұсынды. Марат Оспанов жасаған төл бағдарламасының қаншалықты маңыздылығы, өз уақытында жасалғандығы, оның, түптеп келгенде 1999 жылдың күзінде жаңадан құрылған Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған Үкіметтің орта мерзімдік әлеуметтік-экономикалық стратегиясының негізіне айналғандығы ғылыми әдебиетте жан-жақты айтылған.
Оспановтық сол бағдарламаның кейбір идеялары күні бүгінге дейін маңызды, өміршең. Бүгінгі терең дағдарыстан шығу үшін бағдарламаның, әсіресе, салық, ақша-қаржы, бюджет саясаты туралы бөлімдерінің көптеген нақты, құнды ойларына тағы бір назар аударып, бүгінде оған сүйенуге болады деп есептейміз.
Ол жариялылықты, халықпен ашық сөйлесуді өз тіршілігінің басты ережесі, саясаткерге қойылар басты талап деп таныды. Марат Оспанов үшін бұқаралық ақпарат құралдары демократия мен парламентаризм институтының ең беделді, әлеуетті әріптесі болды.
Қай уақытта да ең бір күрделі, қым-қиғаш, даулы да тартысты мәселелерде БАҚ құралдары өкілдерімен пікір алысудан тартынбайтын. Өз пікірін ашық, тура, батыл айтатын. БАҚ өкілдерімен бірлескен жұмыстан үлкен қанағат, ләззат алатын. Осы қасиеттері үшін де ол журналистер арасында үлкен бедел мен құрметке, әр сөзіне сенімге ие сирек қайраткерлердің бірі еді. Бұл да оның саяси келбетінің бір ерекшелігі әрі құнды қыры еді.
Тәуелсіздік қалыптастырған ұлттық саяси кеңістігіміздегі мемлекет, демократия, парламент пен парламентаризм қалыптасып және дамуының күрделі тарихында өзіндік саяси келбеті бар, ірі саясаткердің, дербес тұлға- ның, кемел парламентшінің бірі Марат Оспа новтың болғандығы тарихи шындық, әділетті ақиқат. Өкініштісі ғұмырының тым қысқа болғандығы.