Uzbekcosmos 2028 жылдың қазанына дейін алғашқы өзбек ғарышкерінің ұшуын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба Самарқандта өтетін халықаралық ғарыш конгресіне орайластырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Агенттік директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимовның айтуынша, алғашқы ғарыш сапары қысқа мерзімді болады және 10-14 күнге созылады. Қазір ведомство АҚШ, Ресей және Қытай тарапымен келіссөз жүргізіп жатыр.
«АҚШ пен Ресей ғарышкерлерді бір халықаралық ғарыш станциясына жібереді. Ал Қытайдың жеке ғарыш станциясы бар. Қазір біз барлық тараппен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардың әрқайсысы ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Біздің ғарышкер ғарышқа ұшқанда, Жерге бос қолмен емес, кем дегенде белгілі бір эксперимент нәтижелерімен оралады», – деді ол.
Ғарышкерлікке үміткерлер үшін білім деңгейіне, шет тілдерін білуіне және физикалық көрсеткіштеріне қатысты талаптар қойылған. Негізгі кандидат серіктес елдердің бірінде арнайы дайындықтан өтеді.