Республикалық физика-математика мектебінің FIZMAT ROBOTICS командасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдегі ең ірі робототехника жарыстарының бірі – FIRST Championship турнирінде Қазақстан атынан қатысады, деп хабарлайды Dala News.
FIRST Championship – инженерия, технология және робототехника саласындағы мектеп оқушылары арасындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі. Жыл сайын бұл чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың қатысушы жиналып, өздерінің инженерлік жобаларын таныстырып, STEM саласындағы басты жүлделер үшін бақ сынайды.
FIZMAT ROBOTICS командасы халықаралық аренаға екінші жыл қатарынан шығып отыр. Осы уақыт ішінде оқушылар Қазақстанды Италия, Қытай, Түркия және БАӘ-де өткен турнирлерде таныстырып, Орталық Азиядағы және ел ішіндегі жарыстарға да қатысқан.
Жуырда команда Alem Tech Fest орталықазиялық кезеңінде бірнеше марапатқа ие болды. Атап айтқанда:
— Control Award – роботты басқару мен бағдарламалау деңгейі үшін;
— Finalist Alliance Partner – жарыстың финалдық альянсына шыққаны үшін.
Команда мүшелері робототехника тек жарыс емес, нағыз командалық жұмыс екенін айтады. Әр қатысушы өз бағытына жауап береді: бағдарламалау, инженерлік шешімдер, ойын стратегиясы және жобаны таныстыру.
Команда капитандары Алмаз Сагналин мен Алимжан Адайдың айтуынша, нәтижеге жетудің басты құпиясы – бірлік пен өзара қолдау.
Сонымен қатар FIZMAT ROBOTICS мүшелері Қазақстандағы робототехника қозғалысын дамытуға да үлес қосып жүр. Олар еліміздің түрлі өңірлеріндегі ондаған мектеп командаларына менторлық жасап, жас оқушыларға инженерия мен бағдарламалаудың негіздерін үйретеді.
Қазір команда әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде. Оқушылар роботтың конструкциясын жетілдіріп, жаңа инженерлік шешімдерді сынап, жарыс стратегиясын пысықтап жатыр.
Команда мүшелерінің айтуынша, әлем чемпионатына қатысу – тек жарыс емес, Қазақстанды жоғары технологиялы елдердің қатарына қосуға деген арманға жасалған тағы бір қадам.
