Қазақ ғылымының қара шаңырағы: дәстүр мен жаңғыру үндестігі

Ақтоты Жапатова 24 мау. 2025 11:03

Ғылым ордасы – қазақ ғылымының алтын діңгегі, еліміздің рухани және ғылыми өміріндегі аса маңызды мекеме. Ол тек өткеннің құнды мұрасын сақтап қоймай, бүгінгі ғылыми жаңалықтар мен болашаққа бағытталған іргелі зерттеулердің орталығы ретінде қызмет атқарады.

Ғылым ордасының негізі ХХ ғасырдың ортасында қаланды. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, оның тұңғыш президенті болып академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тағайындалды. Ұлт ғылымының негізін қалаушы Қ.Сәтбаевтың бастамасымен түрлі саладағы ғылыми институттар мен зертханалар ашылып, ғылыми кадрлар даярлау жүйесі қалыптасты. Қазіргі Ғылым ордасы – сол тарихи кешеннің заңды жалғасы. 1948–1957 жылдары кеңестік классикалық сәулет үлгісімен салынған кешен 12 павильоннан тұрады, құрамына бірнеше ғылыми-зерттеу институттары мен төрт музей кіреді. Мұнда 377 орындық үлкен конференц-зал, 120 орындық шағын конференц-зал, 267 орындық концерт залы және қысқы бақ орналасқан.

Бүгінде Ғылым ордасы іргелі зерттеулермен қатар мәдени-ағартушылық бастамаларға да баса назар аударады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның ғылымға деген қамқорлығы мен келешекке деген сенімінің айғағы. Мекеме тек ғылыми емес, сонымен қатар ұлттық рухани, мәдени және зияткерлік мұраны сақтап, дамытуға арналған. Білім мен ғылымды үйлестіре отырып, музей және кітапхана бағытындағы жобалар қатар дамуда. Тарихи-мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізу мақсатында түрлі ғылыми жобалар әзірленіп, оларды тәжірибеге енгізуге айрықша мән беріліп келеді. Сонымен қатар кітаптар мен құжаттарды жинақтау, жүйелеу және оларды көпшілікке қолжетімді ету арқылы ұлттық ғылыми ақпарат кеңістігінің дамуына үлес қосылып жатыр.

Ғылым ордасы шетелдік жетекші орталықтармен – Түркия, Иран, АҚШ секілді елдердің ғылыми ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Түркиядағы Ислам мәдениеті мен өнерін зерттеу орталығы, Иранның Ұлттық кітапханасы сынды ұйымдармен әріптестік кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашты. 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Реставрация және консервация орталығы ашылып, сирек құжаттарды сақтау мен қалпына келтіру ісі жаңа деңгейге көтерілді. Робот-сканерлер мен кең форматты құрылғылардың көмегімен сирек басылымдарды сапалы әрі қауіпсіз цифрландыру ісі жүйелендірілді.

2025–2027 жылдарға арналған ғылыми бағдарламалар аясында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» жобасы ұсынылды. Бұл жоба кітапхана қорындағы қолжазбалардың ұлттық реестрі мен ғылыми сипаттамасын жасап, сақтау жағдайын жақсартуды көздейді. Сонымен қатар реставрация орталығы құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, мамандарды оқытып даярлайтын орталыққа айналмақ. Реставрация жұмыстары қазіргі таңда Ресей, Түркия, Иран елдерінің тәжірибесіне негізделіп жүзеге асуда. Бұл процесс кезең-кезеңімен жүреді: құжат алдымен актімен қабылданып, фотофиксация жасалады; кейін зерттеліп, шаңнан тазаланады; паспорты толтырылып, негізгі реставрация жұмыстары атқарылады; соңында қайтадан фотофиксация жасалып, құжат сақтау орнына қайтарылады. Бұл іспен 6 маман айналысады, оның ішінде ресейлік 20 жылдық тәжірибесі бар дипломды реставратор, сертификатталған маман және ішкі дайындықтан өткен 4 маман бар. Қазіргі кезде маман тапшылығын жою мақсатында арнайы курстар мен тағылымдамалар ұйымдастырылып келеді.

Ғылым ордасының музейлерінде халқымыздың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихын бейнелейтін құнды жәдігерлер сақталған. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» киімінің қалпына келтірілген нұсқасы (көшірмесі), Берел қорымындағы жерлеу камерасының реконструкциясы мен жылқы бейнесінің макеті, Отырар, Тараз, Құйрықтөбе сияқты қалалардан табылған археологиялық бұйымдар – халқымыздың бай тарихи мұрасын айғақтайды. Сонымен қатар мұрағат қорында тарихи маңызы зор сирек қолжазбалар, қоғам қайраткерлерінің жеке құжаттары мен заттары, фотосуреттер мен басылымдар жинақталған.

Аса маңызды жетістіктердің бірі – Ғылым ордасы кітапханасында сақталған, XVIII ғасырда жазылған және ұзындығы 3 метрден асатын «Хандар шежіресі» қолжазбаның ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіміне енуі. Жуырда бұл құнды мұраға арнайы сертификат берілді. Бұл – Қазақстанның рухани қазынасына берілген халықаралық баға.

Орталық ғылыми кітапхана қорын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2022 жылдан бастап кітапхана заманауи, жоғары жылдамдықты және түрлі форматта сканерлейтін құрылғылармен жабдықтала бастады. Бұл сирек басылымдарды сапалы әрі қауіпсіз түрде цифрлауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, австралиялық технология негізінде жасалған жоғары өнімді Скан-робот іске қосылды. Бұл құрылғы сирек кітаптарды механикалық зақым келтірмей жылдам әрі сапалы өңдеуге жағдай жасайды.

Цифрланған материалдар арнайы серверде ұзақ мерзімге сақталып, «Мега Про» электронды каталогы арқылы оқырмандарға қолжетімді етілуде. Қазіргі таңда кітапхана қорында 5,8 миллионға жуық кітап жинақталған. 2013–2025 жылдар аралығында 24 149 құжат цифрлық форматқа көшіріліп, олардың мұқабасы мен алғашқы 7–10 беті электронды нұсқаға енгізілді. Осы құжаттардың қатарында 9 786 сирек кітап пен 5 552 қолжазба бар. Сонымен қатар диссертациялар, авторефераттар, мерзімді басылымдар, ғылыми-библиографиялық көрсеткіштер мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бірқатар журналдары да цифрлық форматта ұсынылып отыр.

Қазіргі таңда Орталық ғылыми кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, жақын арада жаңа кейіпте есігін қайта ашпақ. Бұл өзгерістер оқырмандарға қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, кітап қорын жаңа форматта ұсынуға да мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстары аясында Ғылым ордасының сыртқы қасбеті мен шатыры толық жөнделіп, ішкі кеңістіктер заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа технологиялық шешімдер енгізілді: конференц-залдар, көрме алаңдары мен кітапхана оқырман залдары жаңартылып, заманауи сипатқа ие болды. Сондай-ақ энергия үнемдеу жүйелері, өрт қауіпсіздігі мен бейнебақылау инфрақұрылымы да жаңғыртылып, ғимараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі артты.

Ордамыздың алдағы жоспарына келетін болсақ, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында үш жоба, сондай-ақ 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша гранттық қаржыландыруға бір жоба өтінімі дайындалуда. Олардың қатарында Қазақстандағы археографиялық зерттеулердің тарихи дамуы мен қазіргі жағдайын талдау, Қазақстанның қолжазба мұрасын реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау және цифрландыру жұмыстары бар. Сонымен қатар палеонтология, зоология, археология және археография қорларын пәнаралық зерттеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі түркілердің жылқыға қатысты мәдениетін зерттейтін жоба да көзделуде.

Ғылым ордасы – қазақ ғылымының ғана емес, бүкіл ұлттық мәдениет пен руханияттың алтын қазығы болып қала береді. Оның бай тарихы мен бүгінгі қарқынды дамуы еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, келешек ұрпаққа мол мұра қалдыруға бағытталған маңызды миссияны жалғастыруда. Осылайша, Ғылым ордасы – ғасырлық тарих пен заманауи жаңғырудың тоғысқан тұсы. Ол ұлттың ғылыми жадын сақтап қана қоймай, жаңа буынға бағыт беретін тірекке айналып отыр. Рухани мұра мен іргелі ғылымды ұштастыра отырып, бұл мекеме келешекке бет алған Қазақстанның дамуына берік негіз қалауда.

Ұлар Мұқажанов,
«Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК бас директоры


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар