Қазан айында Еңбек нарығында тіркелген ең жоғары жалақы көлемі қанша

Кәмшат Тілеухан 12 қар. 2024 11:46 1749

Қазан айында Электрондық еңбек биржасында белсенділік төмендеп, маусымдық мамандықтарға сұраныс артқан. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды, деп жазады Dalanews.kz.

Ұсынылған дерекке сәйкес, қазан айында Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 123,7 мың бос жұмыс орны және 106 мың түйіндеме орналастырылды.

"Алдыңғы аймен салыстырғанда іздеу және жалдау белсенділігі төмендеді: бос жұмыс орындарының саны 9%-ға (13 мың), ал түйіндеме 13%-ға (16,5 мың) азайды. Белсенділіктің төмендеуі білім беру саласындағы сұраныс пен ұсыныстың төмендеуімен түсіндіріледі, оқу орындарында кадрларды даярлаудың аяқталуына байланысты болуы мүмкін", делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.

Еңбекминнің мәліметінше, қазан айында ең жоғары жалақы мына мамандық иелеріне ұсынылған:

  • бас құрылысшыларға - орта есеппен 679 мың теңге,
  • бас техникалық мамандарға - шамамен 565 мың теңге,
  • ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженерлерге (шамамен 554 мың теңге).

Қазан айында мына мамандық лауазымына үміткер ізденушілер жоғары жалақы сұраған:

  • инвестициялық жобалар жөніндегі директор - орта есеппен 2 млн теңгеден бастап,
  • өндірісті басқарудың автоматтандырылған жүйесі бөлімінің бастығы - шамамен 1,8 млн теңге,
  • комбайнер - 1,2 млн теңге.

Алайда, қыркүйек айындағы сияқты, жылыту маусымына көшу кезеңі жылу және қазандық жабдықтарына қызмет көрсету мен оларды пайдалануға қатысты қызметкерлерге сұраныстың артуына себеп болды.

"Мәселен, өткен айда қазандық операторлары (+5,9 мың), қазандық машинистері (+1,1 мың) және қазандықтар жұмыскері (+969) үшін бос орындар саны артты. Мұндай мамандарға жоғары сұраныс Батыс Қазақстан (2,9 мың бос жұмыс орны), Ақтөбе (1,3 мың) және Жамбыл (974) облыстарында байқалды", делінген хабарламада.

Сұраныстың айтарлықтай өсуі мал өсірушілер мен жануарларды күту жұмыскерлері сияқты мамандықтарға да тіркелді, бұл әсіресе, мал шаруашылығындағы қысқы кезеңге дайындық кезеңінде маңызды.

Өңірлер бөлінісінде жұмыс берушілер білікті кадрларды мына өңірлерден іздестірді:

  • Қарағанды облысынан (9,5 мың бос жұмыс орны немесе жалпы санының 8%),
  • Алматы қаласынан (9,3 мың немесе 7,5%),
  • Батыс Қазақстан облысынан (9,2 мың немесе 7,5%)
  • Астана қаласынан (8,1 мың немесе 7%) 

Бұл ретте қазан айында бос жұмыс орындарының жалпы саны келесі өңірлерде азайды: Алматы (-44%, немесе -3,9 мың), Жетісу (-37%, немесе -1,6 мың) және Астана қаласында (-34%, немесе -4,1 мың).

Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі кейбір аумақтарда өзекті мәселе болып қала береді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 5,5 мың бос орынға 2,5 мың түйіндеме, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 мың бос орынға 2 мың түйіндеме, ал Павлодар облысында 6,5 мың бос орынға 3,4 мың түйіндеме тіркелді.

Шымкент қаласында, Қызылорда және Түркістан облыстарында бос орындар санынан тиісінше 54%, 48% және 47%-ға түйіндеменің артық болуы байқалуда.

Еңбекмин жалпы, қазан айында ЭЕБ белсенділік төмендеді, бұл әсіресе, білім беру саласында байқалып отырғанан баса айтады. Сонымен қатар қысқы маусымның басталуы жылу өндірісі жүйесінің жұмысшыларына сұраныстың артуына себеп болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар