Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның жаңа ғимараты қайтарылған активтер есебінен бой көтереді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған ресми құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жоба құны – 17,3 млрд теңге.
Стадион құрылысы мемлекеттік арнайы қор арқылы қаржыландырылатын жобалар тізіміне енгізілген. Құжатқа сәйкес, нысанның құрылысы 17,3 миллиард теңгеге бағаланған.
Қаңтар айында ескі стадион ғимараты толықтай бұзылып, оның орнына 2,2 гектар аумақта жаңа арена тұрғызу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Жаңа спорт кешені үш қабаттан тұрады және 3 600 адамды сыйдыра алады. Стадионның құрылысы 15 мың м² аумақты қамтиды.
Арена батыс және шығыс бөліктерден тұратын екі блоктан құралады, олар жоғарыдан металл аркамен біріктіріледі. Бұл жаңа нысан жабық стадион ретінде салынып, жыл бойы түрлі спорттық және мәдени шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Қазір жобаны іске асыруға қажетті дайындық жұмыстары басталып кетті. Егер құрылыс белгіленген мерзімде аяқталса, Астана тұрғындары мен қонақтары заманауи, көпфункционалды стадионға қол жеткізеді.