"Қайратым" деп қазақ жүр, қазақша "сөйлемей" Қайрат жүр...

Dalanews 11 шіл. 2015 03:40 1452

 Осыдан екі күн бұрын "Қайрат" футбол клубы шежіресі мол "Црвена Звезданы" бір аптаның ішінде екінші рет жеңіп, Еуропа лигасының екінші сатысына шықты. Ең бастысы, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, бүкіл Еуропаны тәнті етті. Алматыдағы Орталық стадионға жанкүйерлер көп жиналып, бәрі де "Қайраттың" сары түсті жалауын жоғары көтерді.

 Стадион трибуналарында желбіреген жалаулар сап-сары дариядай теңселіп, жасыл алаң жиегі теңіздей толқыды. Ал күн батып, қас қарайған соң, жанкүйерлердің бәрі қалта телефондарының шамын жағып, айнала оттай маздап, жарқырап тұрды.

Бұл өте әсерлі көрініс болды. Мұның бәрі жанкүйерлердің "Қайраттың" ойынына риза болып, қуаныштарын білдіргендері еді. Бұл кеште бәрі де тамаша болды. Стадион толы жанкүйер. Деңгейі жоғары дода. Тактикалық тұрғыдағы сауатты ойын. Тамаша жеңіс. Екі голды да өзіміздің өрендеріміз соқты. Қуанышымызда шек жоқ. Жанкүйерлер де қиқу салып, айқайға басып жатыр...

Тек осы ойынға арналып шығарылған анықтамалық-бағдарламалық жұқа кітапша ("програмка") көңілге кірбің түсірді.11667177_915890178449270_1351483407_n

Жо-оқ, мазмұнында, көркемделуінде, сапасында мін жоқ. Сыртқы (бірінші және соңғы) беттеріндегі ақпараттар ағылшын және қазақ тілдерінде жазылған. Ал ішінде әуелі орыс тіліне орын берілген. Содан соң мемлекеттік тілдегі ақпараттар орналастырылған. Соңғы беттерде осы ақпараттардың ағылшын тіліндегі нұсқасы баяндалған.

Бұл тырнақ астынан кір іздеу емес. Бұл "айтылмаса сөз өледі" дегендей, ана тіліміздің қазақтың "Қайратындағы" бүгінгі жағдайына атүсті тоқталып өту. Жасырын емес, "Қайрат" футбол клубы қазір қазақша "сайрап" тұрған жоқ. Орысшасы басым.

Бұл сөздерімзге клубтың ресми сайтына кіріп, көз жеткізулеріңізге де болады. Орысша нұсқасында бәрі де қамтылған. Әрі жедел, дер кезінде баяндалып отырады. Ал қазақшасы оның шаңына да ілесе алмайды. Тіпті биыл (2015 жылы) екі-ақ ақпарат берілгендей...

Кезінде, яғни Кеңес Одағы дәуірінде әр ұлттың (одақтас республиканың) сүйікті командасы болды. Қазақ "Қайрат" деп, өзбек "Пахтакор" деп, армян "Арарат" деп, украин "Динамо" (Киев) деп, ал орыс халқы "Спартак" (Мәскеу) деп аһ ұрды. Бұлардың бәрі де өз елдерінің халықтық, жалпыұлттық командасы болды десек те жарасар.

Сол қазақтың "Қайраты" ана тілінде сөйлесе дейміз де. Сонда ғана "қазақтың "Қайраты" деген атқа, тіпті брендке лайық болмай ма?!

Нұрғазы САСАЕВ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар