Қайрат Сатыбалдыұлы 50-ге жуық сақалды нөкермен келіп, қонақүйді басып алған

Көркем Алдабергенова 05 нау. 2024 10:07 5767

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурорға Қайрат Сатыбалдыұлының "Хилтон" қонақүйіне қатысты рэкеттік қылмыстары туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, былтыр желтоқсан-қаңтар айларында Қайрат Сатыбалды тағы да 150 млрд теңгенің активін мемлекетке қайтарды деген ашық ақпарат болған. Осы соманың 4 миллиардтан астам теңгесі Қайрат Сатыбалдының жеке кәсіпкерден тартып алған активі.

"Бұл сома экс-премьер "мемлекетке 1 трлн теңге актив қайтарылды" деген есептің ішіне де кіріп кеткен. Анығында, Қайрат Сатыбалды "мемлекетке қайтардым" деген активтің бір бөлігі – "Хилтон-Алматы" қонақ үйін қитұрқы қысастық жасау жолымен "Абли-Құрылыс" Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншік иесі Шолпан Қаранеевадан тартып алған", - дейді депутат.

Бапидің сөзінше, экс-президенттің немере інісі 50-ге жуық сақалды нөкерлерімен келіп, "Хилтон" қонақ үйін басып алған кездің видеосы меншік иесінде сақталған.

"Осы рэкеттік-қылмыстық әрекетті тексеру барысында қажет десеңіз, ол видеоны Қаранеева ханымнан сұратып алуға болады.

Өтініш беруші сотқа шағымданса да, бүгінде Сатыбалды түрмеде жатса да, әлі күнге дейін "күштінің арты диірмен тартуда". Бұл қысастық қылмысқа қарсы бұған дейін депутат Мақсат Толықбай араша түсу әрекетін жасаса да, жәбір көруші жақ жанұшыра жан-жаққа шағымданып жүрсе де, «Хилтонның» хикаясы Сатыбалдының пайдасына шешіліп тұр", - дейді Ермұрат Бапи.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар