Алматыда мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің бірі - Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы аукцион арқылы сатылмақ. Нысанды бұған дейін мемлекетке Қайрат Сатыбалды тапсырған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу барысында ғимарат заңсыз жолмен алынғаны анықталып, 2023 жылы Қаржы министрлігінің балансына берілген. Енді оны Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мемлекеттік аукцион платформасында саудаға қояды. Бастапқы бағасы - 61 миллиард теңге. Бұл сомаға ғимараттың өзін және жер телімін жалға алу құқығы кіреді.
Kaisar Plaza - тоғыз қабатты кешен, панорамалық қабаты мен автотұрағы бар заманауи сауда-кеңсе орталығы. Қазір мұнда 53 жалға алушы жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі банктер, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық тамақтану орындары бар.
Аукционға қатысу үшін 9,2 миллиард теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Сатылым 7 сәуірде басталады.
