“Қайрат” – “Реал” матчы: “Бәйтерек” холдингі билет дауына қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 02 қаз. 2025 12:57

"Бәйтерек" холдингі Алматыда өткен "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының билеттерін ұжым болып сатып алды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания мәліметінше, билеттер бюджет қаржысына да, корпоративтік немесе басқа да қаражат есебінен алынбаған.

“Қызметкерлерді жаппай ұйымдастырып апару болған жоқ. Билеттерді орталықтан сатып алу да жүргізілмеді. Матч өткен күні ешкімге жұмыстан арнайы демалыс берілген жоқ”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда өткен "Қайрат" – "Реал Мадрид" кездесуіне қатысты пікір білдірген еді.

Базарбек матчқа шамамен 5000 билетті "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек" холдингтері мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің сатып алғаны туралы ақпаратты тексеруді талап етті.

"Егер бұл расталса, онда заңды сұрақ туындайды: билеттер жекелеген қызметкерлердің жеке қаражатына алынды ма, әлде мемлекеттік ресурстар жұмсалды ма? Бюджет қаражатын мұндай мақсатқа пайдалану мүлде жол берілмейтін нәрсе!", – деді ол.

Сондай-ақ депутат құқық қорғау және антимонополиялық органдарды билет сатылымындағы ықтимал алыпсатарлық схемаларды тексеруге, оларды көтерме сатып алған тұлғалар мен компанияларды анықтап, жауапқа тартуға шақырды.

"Аса қымбат бағаға билет алған адамдар адалдық пен ашықтықты көруге тиіс, қолдан жасалған тапшылық пен күмәнді схемаларды емес", – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар