Қай аймақта ВИЧ жұқтырғандар көп?

Көркем Алдабергенова 06 нау. 2026 09:35

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы» РМК деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда ВИЧ-пен өмір сүріп жатқан 37 038 адам тіркелген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Baq.kz ресми сауалына жауап берген министрлік жалпы тіркелген науқастардың ішінде 296-сы 15 жасқа дейінгі балалар екенін мәлімдеді. Ал қалған 36 742 адам – 15 жастан асқан тұрғындар.

Гендерлік құрылымда ер адамдар басым. Мәліметке сәйкес, ВИЧ-пен өмір сүріп жатқан 22 728 ер адам және 14 310 әйел бар.

Аймақтар бойынша көрсеткіштер ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың басым бөлігі ірі индустриялық өңірлер мен мегаполистерде шоғырланғанын көрсетеді.

Тіркелген жағдайлар саны бойынша Алматы қаласы алда – 5 786 адам. Одан кейін Қарағанды облысы – 4 786, Шығыс Қазақстан облысы – 3 497 және Астана қаласы – 3 087.

Сондай-ақ Алматы облысында 2 997, Қостанай облысында 2 614 және Павлодар облысында 2 606 жағдай тіркелген.

Шымкент қаласында ВИЧ-пен өмір сүріп жатқан 2 147 адам бар.

Орташа көрсеткіш тіркелген өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы – 1 573 жағдай, Ақмола облысы – 1 244, Жамбыл облысы – 1 214 және Түркістан облысы – 1 139.

Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында 924 жағдайдан тіркелген. Ақтөбе облысында – 587, Маңғыстау облысында – 558, Абай облысында – 537, Атырау облысында – 506.

Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 310 жағдай және Ұлытау облысында – 157 жағдай тіркелген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove