"Хакер" болып танылған атыраулықтың ісі сотқа жетті

"Хакер" болып танылған атыраулықтың ісі сотқа жетті
Фото: Polisia.kz

Атырау облысының Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты әлеуметтік желіде "өз бетінше тергеу жүргізіп", оларды хакерлік технологиялар арқылы табуға уәде берген қазақстандықтың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адам отбасы жоғалған кезде әлеуметтік желіде кеңінен танылған. Ол өзін тәуелсіз «хакер» ретінде таныстырып, Instagram арқылы жоғалған адамдарды геолокация, SIM-карта және банк операциялары бойынша бақылап отырғанын мәлімдеген.

Алайда ІІМ оның ешқандай құпия дерекқорға қол жеткізе алмағанын хабарлады.

"Аталған тұлғаға қатысты алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша тергеу аяқталды, іс сотқа жолданды. Оның ешқандай дерекке қолжетімділігі болған жоқ. Ол пайдаланғанның бәрі – біздің қызметтік ақпарат. Ал деректердің таралуына қатысты кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылды", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті тек Жангелдиндегі оқиғаға байланысты белсенділік танытып қана қоймай, 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Instagram арқылы Атырау облысының екі тұрғынын алдап, олардан 3 миллион теңгеден астам ақша иемденген.

Осыдан кейін ер адам шетелге кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.

2025 жылдың маусым айында ол Интерпол желісі арқылы Түркияның Самсун қаласында ұсталды. Кейін Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазір оған қатысты алаяқтық фактілері бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа берілген. Енді айыпталушыға қатысты соңғы шешімді сот шығарады.