«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында соңғы бес жылда өндірістік жарақаттану 34%-ға, жол-көлік оқиғаларының саны 73%-ға төмендеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы үшін қызметкерлердің қауіпсіздігі басты құндылық болып табылады. Соңғы бес жылда жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану 34 пайызға, жол-көлік оқиғаларының саны 73 пайызға төмендеді. 2023 жылдан бастап өрт оқиғалары тіркелген жоқ», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, компания 2018 жылдан бері Мұнай және газ өндірушілерінің халықаралық қауымдастығының (IOGP) мүшесі болып табылады және 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік қауіпсіздік көрсеткіштері халықаралық талаптарға сәйкес келген.
Компания мәліметінше, жазатайым оқиғалардың шамамен үштен бірі қауіптілігі жоғары жұмыстарға және ұңғымаларды күрделі әрі жерасты жөндеу кезінде жүргізілетін көтеріп-түсіру операцияларына тиесілі.
«Осы бағытта жарақаттануды төмендету мақсатында 2025 жылы 60 бригадада ҚазМұнайГаздың меншікті әзірлемесі – “TUMAR” компьютерлік көру жүйесі енгізілді», - деді Есқазиев.
Оның сөзінше, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе нақты уақыт режимінде жеке қорғаныс құралдарының болмауын, қызметкерлердің қауіпті аймақтарда жүруін және қауіпсіздік талаптарының сақталмауын анықтайды.
Қазір аталған технология 60 бригадада қолданылып жатыр. Компания 2027 жылдың соңына дейін жүйемен 242 бригаданы қамтып, 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ұқсас Computer Vision жүйесі үш мұнай өңдеу зауытында енгізілуде.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытында мұнай өндіру көлемінің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін 12 ірі кен орнында цифрлық егіздерді енгізу жұмыстары басталған.
«Ағымдағы жылдың қазан айында Шығыс Молдабек кен орнында цифрлық егіз толық көлемде енгізіледі. Осындай жұмыстарды 12 кен орнында кезең-кезеңімен 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда», - деді Есқазиев.
Оның айтуынша, мұнай тасымалдау және мұнай өңдеу салаларында тәуекелдерді болжау мен болжамды талдау жобалары іске қосылған. Бұл жүйелер қауіпті ақауларды ерте анықтауға, апаттар санын азайтуға және өндірістік шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.
Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткен жылы өндірістік қауіпсіздік бойынша 52,8 мың қызметкерді қамтыған 80 мыңнан астам оқыту өткізілген. Оның ішінде еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өрт-техникалық минимум бойынша міндетті бағдарламалар бар.
2026-2028 жылдары бұл мақсатқа шамамен 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар компания халықаралық IOSH және NEBOSH бағдарламалары бойынша басшыларды оқытуға және оқытуды басқарудың LMS жүйесін енгізуге басымдық беріп отыр.
«ҚазМұнайГаз қауіпсіздікті басқарудың цифрлық моделін құруға кезең-кезеңімен көшуде. Біздің стратегиялық мақсатымыз – өндірістегі жарақаттану деңгейін нөлге жеткізу», - деп түйіндеді Құрманғазы Есқазиев.