Полиция Қостанай облысы әкіміне қатысты видео авторларын іздеп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше,мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі бейнеленген жалған видео тарап кеткен.
"Онда облыс әкіміне қауіп төніп тұрғаны жөнінде айтылған-мыс. Бұл видео жасанды интеллект көмегімен жасалған", - деп жазылған хабарламада.
Жалған ақпарат тарату дерегі бойынша Қостанай облысы әкімдігі құқық қорғау органдарына ресми түрде өтініш жолдаған.
"Зиянкестер анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауап беретінін ескертеміз және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырамыз", - деп ескертті әкімдік өкілдері.
Айта кетейік, кейінгі кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде лауазымды тұлғалар атынан жалған ақпарат тарату дерегі жиілеп кетті. Мұндай хабарламалар қоғамда дүрбелең тудырып, мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді анықтап, оны таратушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертеді. Ақпараттың рас-өтірігін тек ресми дереккөздер арқылы тексеру маңызды.